Өлеңдер ✍️
Жүректі қайрау
Болма, болма – қуат жый, шіркін жүрек,
Жайрат анау өзімшіл құлқынды іреп!
Сол індеттен сал тартып сарғайып тұр
қылаң көңіл көз жасын іркіп, жүдеп.
Өзімшілдік дертінің уы қандай –
ақылды да шыжғырып қуырардай.
Сана-батыр қапыда кеткелі тұр,
қынабынан қылышын суыра алмай.
Тұр-ау, жүрек, жырақтап күннен ірең
(шалқып-тасып онсыз да жүргенің кем).
Сенің қимыл-қуатың көрініп тұр
менің мынау бүгінгі сүлдерімнен.
Тарылғандай жердегі жылу, жарық,
жазылмас дерт жабысса, ғұмыр – ғаріп.
Тұман қайғы, тұл сезім, дертті көңіл
өзімшілдік зəрімен тұр уланып.
Таскенедей у-дұшпан жайланды кеп,
көңіл-жасты, көгімді қайғы алды деп.
Жан-əлемді улардан аршу үшін
қансырайсың тағы да, қайран жүрек!
Сүйер іні жоқ сенде, емдер аға,
түбі өзіңсің түсетін сеңге дара.
Екіталай боп тұрған тірлігімнің
сəуле-үміті сонда да сенде ғана!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter