Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  122


Автор: Фариза Оңғарсынова

Неге

Басқа ем атақ, беделім жоқ шағымда,
өзгеріппін жуғандай көк сабынға.
Жақсыларым жат болып бара жатыр,
дұшпаныма айналды достарым да.
Бүгін бəрі өзгерген: жолым, қамым,
жолдас-жорам, əдетім, сөз ырғағым.
Талайлардың ақ дəмін татып едім,
ұмытыппын бұл күнде соның бəрін.
Маужыраған, мас болған таңғы үмітке,
достым, менен баяғы əнді күтпе.
Бір дастарқан басында дəм татқандар
туыс болар десе де мəңгілікке.
Баяғыша болғанмен түрім, демім,
басқа əйтеуір бұл күнде үнім менің.
Жылы шырай күткенге қабақ түйіп,
жылуы жоқ жандарға күлімдедім.
Заман – айдын, адам – құл, ортаң – кеме.
Тіршілікте құландай жортам деме.
Жалғыз қалсам, жанымды зіл басады.
Кейде айнаға қарауға қорқам. Неге?* * *
Дүниенің бар өлшемі
өлшеусіз нəрсе бар деме.
Керелендірер түбі ол сені –
араныңды ашпа əрнеге.
Улайды қарғыс көз-көре,
жебедей түзу жолы анық.
Жазықсыз жанды көздеме –
өзіңді түйрейді ол анық.
Жамандығың жұртқа істеген
кетпейді ауада жоғалып.
Сол қуат, сондай күшпенен
өзіңе келеді оралып.
Өлшеусіз болмас байлық та,
өлшеусіз сөз де, пиғыл да.
Тегін берді деп май жұтпа:
ақ тілегіңді сый қылма.
Жақсылығың үшін жасаған
қарымына сыйлық дəметпе –
ниетсіз берген ас арам,
ішпе – түсесің əлекке.
Мақтама өзің өзіңді
жұрт айтсын жақсылығыңды.
Өмірде дана сөз – үлгі,
əлемдей өмір ғұмырлы.
* * *
Менің туған ауылым ажарланып,
көше түзу, басады адам да нық.
Жетілік пен ондық шам күлде жатыр,
самсап қаладағыдай жанар жарық.
Күндей биік əркімде жан талғамы,
жұмыс қауырт істелер əр таңдағы.
Белдеулерде бестілер байланбайды,
үй алдында машина қаңтарғаны.
Адамдары төкпейді мұңды, ызаны,
даладай кең, аспандай нұрлы жаны.
Боз ботаның үні емес, төсегінен
«Сөйлеп тұрған Москва!» тұрғызады.
Жер шарымен хабардар ауыл мына,
алаңдатар саясат шалыңды да:
Алматыда, Берлинде жағдай қалай,
аспандары ашық па, жауынды ма.
Бақ қарайды ауылдың бар жағынан,
көлеңкелеп басымды талға бұғам.
Біз қарақат іздеуші ек қырды кезіп,
бұлар жүзім үзеді шарбағынан.
Ауыл десе жайлайды жанымды үміт,
сонда ғана атардай таңым күліп.
Жасыл шардың бетінде жалғыз ноқат
мені мəңгі тартатын сағындырып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу