Өлеңдер ✍️
Сіңлілерім
Жүрсем де ел аралап, таудан асып,
туған жер түтініне арман асық.
Бір жасап қалам ылғи,
сіңлілерім
алдымнан шыққан кезде қаумаласып.
Соларды көріп мен де тыныстадым,
тілеймін тасығай деп ырыс-бағың.
Қыздарын қадірлеген халық – дана,
мың алғыс өздеріңе, туыстарым!
Тілеймін күлімдеуін қабағының,
сендерге шашса екен деп дала нұрын.
Еліне мақтан болған қыздар əлі
көрсетер сұлулық пен даналығын.
Арулар ақ отаудың бақ туындай,
кете алмас қызыққаннан жат бұрылмай.
Жақсы əйел елдің сəні, ердің сəні –
айдынға көрік берер аққуындай.
Қуанып мен де бүгін күліп келдім,
өлеңге бəйге болса, үміткермін!
Ойлаймын: бұл жалғанда арманы жоқ
осындай қызды сүйген жігіттердің!
Мұң шалмай күлімдеген нұрлы іреңін,
жайнатып асқақ күй мен жырдың елін,
жігітке көрік болып, серік болып,
жарқырап жүргей менің сіңлілерім!
* * *
Менің сорлы сəттерім –
тасқын жырлардан қалған шақтарым тосылып,
ол сəтте менде арман деген де – бос үміт.
Күңгірттеу менің келбетімді көріп, іштегі
бұрқаныстарды ұға алмай жүр-ау осы жұрт.
Азапты ойлардан діңкелеп бейуақ кетемін
өзімнен өзім шошынып.
Мүсіркер еді-ау дұшпандарым да бас шайқап,
түндерде менің жасымды көрсе жастығымды жуған
жосылып...
Менің сорлы сəттерім –
Ақтарар бір жан таппаған кезім, кеудемде тұнып, сыр бұғып,
жалтаңдағаным, айта алмағаным көңілдегі назды құрбылық.
Көзім шалғанда бір байғұстарды қара басының қамы үшін
жүретін асқақ арман дегенді тұл қылып,
күнкөріс жайын мұң қылып.
Күйбең тірлікпен күн кешкендердің мəз-мəйрамдығын
қайтерсің.
дүниенің бəрін жүргендей солар тындырып.
Менің сорлы сəттерім –
қызғалдақ дəуренде ару дидарлы Күн күлген
қабағы ашылмай күн кешетіндер кірбіңмен.
Дүниеден орнын таба алмай жасып, тірліктен безіп түңілген
байғұстарды көріп жүрмін мен.
Тірліктің тартыс-арпалыстарына төзе алмағандар тұнжырап,
күн өткізеді екен түсініксіз, мылқау бір мұңмен.
... Осы ғой менің сорлы сəттерім, мұңды сəттерім, досым-ай!
Əлде бұл менің бақыттылығым ба екен?
Кім білген...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter