Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  142


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ғашықтық

Шыңғыстай жері – алтын бақ –
көзіңді салшы көк белге!
Шыңында сұңқар саңқылдап,
Марал ойнаған бөктерде.
Тарихын елдің, мұратын
аңыз ғып айтады білгендер.
Ғашық боп, жанып ұлы ақын
Сұлтанмахмұт жүрген жер.
Ғашықтық – əлем аспанын
қайғы мен бақыт торлаған.
Қасірет жұтып, басқаны
сүйе алмай өтсең, сол жаман.
Бағила қыздың көркі – өлең,
ерек-ті ақыл, өнері.
Ақынның жанын өртеген
ай маңдай сұлу сол еді.
Сұлу да талай күйінген,
түндерде жасын сығатын.
Сол қызды ессіз сүюмен
армандап өтті ұлы ақын.
Талай жан өлген өртінен,
Тағдырдың жолы сан қилы.
Шыңғыстай жері көркімен
сүюге ғана баулиды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу