Өлеңдер ✍️
Катон
Шығыстың саф ауасы, дəрі-балы
сақтап жүр адамдардың жанын əлі.
Қалың жұрт Алматыдан, Астанадан
жаз бойы Шығыс жаққа ағылады.
Бұл жақта адам ұзақ жасайды анық,
осы-ау деп жұмақ деген масайрадық.
Күндіз-түн келіп жатқан қонақтардан
Бердібек*1
жүрген шығар басы айналып.
Шығысқа неге халық шұбырады,
таңсық па əлде марал, бұғылары?
Маралдың қаны қуат береді дейді,
ашқан жоқ ешкім бірақ сырын əлі.
Жазғы шар шыжғырғанда жанып-ысып,
құлайды таудан бұлақ, қар ығысып!
Еркектер қуаттанады деседі жұрт
маралдың мүйізінен қанын ішіп.
Ел айтады: «Тауда түнеп, мұз жайладық,
маралды үйір-үйір құзға айдадық.
Қан ішсе шалдың бəрі жігіт болып,
кетеді кемпір біткен қызға айналып!»
Ол, рас, мұнда əйелдің сылқым бəрі,
шынында марал қаны-мүмкін дəрі?
Ел бекер айтпайды ғой, рас шығар,
шалдардың тегін емес қутыңдауы.
Шыңғыстай... Қалай кетем оған қонбай,
Киелі мекен керек маған да ондай.
Емдейтін сезімімен жүдегенді
Катонның кəрі-жасы аман болғай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter