Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  342


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жеті қарақшы мен Үркер туралы аңыз

Көкте жатыр шашылып
қанша жұлдыз, қарашы!
Шолпан жұлдыз – анасы,
басқалары – баласы.
Айы туып, Күн шығып,
аспанда ылғи таң дейді.
Жердегідей тіршілік
ол жақта да бар дейді.
Қария Үркердің бұл Айы
кіндіктен жалғыз қызы еді.
Көз жауын алып шырайы,
бойжетіп, бойын түзеді.
Аспан еліне əйгілі
Жеті қарақшы түн қатты.
Сөнгесін таңда Ай нұры,
Үркердің қызын ұрлапты.
Жетеуі жасыл жазықта
тізгінін аттың босатты.
Байлады Темір қазыққа
Ақбоз бен Көкбоз – қос атты.
Ақбоз ат пенен Көкбоз ат
Темір қазыққа байлаулы.
Қызы үшін Үркер шекті азап,
қылышын сайлап қайраулы.
126
Батырлар сүймес жəй дауды,
жетсе егер Үркер – құба шал,
Жарау қос ат тұр байлаулы –
қызды алып бірі қыр асар.
Шарласа Үркер Шығысты,
Батыста жеті жігітің.
Қанша ғасырлар ығысты,
үзбейді əке үмітін.
Үркер жүр қарап бəріне
қыздарды көрсе гүл терген.
Жеті ұры содан əлі де
қашып жүр дейді Үркерден.
Əзірше құйттай баламын,
көп оқып, білім аламын,
«Құс жолымен» зулатып,
жұлдызды көкке барамын.
Жеті батырмен кеңесіп,
табыстырамын Үркермен.
Үлкен болғасын мен өсіп,
шыңдардан асам бұлт емген.
Қалмаймын көкте, оралам
батырлар өскен жеріме.
Батырға мені балаған
қызмет етем еліме!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу