Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  252


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қызғаныш

Мен қайтсем екен?
Мынау денем өртеніп, барады ысып.
Кетсем бе əлде сандалып арақ ішіп?..
Менен гөрі бақытты-ау əркімдердің
итаяғын жалаған қара күшік.
Сенсіз өмір өмір ме? Құрысын бəрі!
Өлген артық мұнан да дала құшып.
Əлде сенің ызаңнан
қыз біткеннің барлығын қорласам ба?
Шашсам ба екен өмірді оңға-солға?
Бақ құсымды басқадан іздесем бе,
бағыма сен бұлбұл боп қонбасаң да?
Біреулерге бір күндік бақыт болып,
біреулерге қайғы боп орнасам ба?
Мынау қырсық дүние басар ма екен
қисық кеткен аяғын оңға сонда?..
Быт-шыт болды-ау
сонау менің лəззатты ай, күндерім.
Қайтсем енді басылар қайғым менің?
Астан-кестен етейін дауыл күндей
бұл тірліктің топас бір жай дүрмегін.
Болмаса, бір таңданар іс қылайын,
сонда анау жігіттен айныр ма едің?
Сонда маған о баста өліп-өшкен
оралар ма көңілің?
Əй, білмедім..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу