Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  258


Автор: Фариза Оңғарсынова

Өкініш

Өмір деген сынақта
күн кештім күліп, жылап та.
Тұрсам да сайдың түбінде,
ұмтылдым тау деп қыратқа.
Құлағымды салып бір үнге,
көзімді тіктім жыраққа.
Жүрер де, мүмкін, ел-жұртым
соңымнан мені сынап та.
Мына жалғаннан мен, мүмкін,
жетпей өтермін мұратқа.
Міне алмай арман – құр атқа,
түсермін əлі сынаққа.
Тірліктің құйын – желі үркек,
ұшармын ұқсап тымаққа.
Жасаған ием, мені тек
Ардың атынан құлатпа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу