Өлеңдер ✍️
Адам құны
Əкімдерге кіру де қиындады,
таусылмайды жүріс пен жиындары.
Шаршатады босаға баққандары-ақ,
адам емес, салпы ерін сиыр бəрі.
Шалқаяды айылын жимай бəрі,
сені адам деп сөйлеспей қинайды əрі.
Олар адамдықты емес, құнжыңдасып,
күнім түсер дегенді сыйлайды əлі.
Билік тисе харамға, арамға да,
əділ заман туар деп алаңдама.
Қымбат тілдей тышқанның терісі де,
жер бетінде құнсыз зат – адам ғана.
* * *
Сиқырлап ақша-құзғын,
ойымыз жоқ ақшадан басқа біздің.
Арбап жанды сол сайқал, ұмыттырды
бəрін анам айтатын жақсы аңыздың.
Өзім де аш, қарызбын,
соны ойлаумен көзімнен жасты ағыздым.
Ақша десе араны ашылғандай
сəбидің де, кедейдің, патшаңыздың.
Жұрттан жылу жинайды қатындары,
ел байғұстан күй кетті – пақыр бəрі.
Кісілік пен тектілік жолдан тайып,
жұрттың бəрін ақша-қу тақымдады.
Ақша болса, батыр да, батыл бəрі,
қылмыс – ардың, киенің сатылғаны.
Ебін тапқан ептілер жұлып-тартып
қазынасын халқымның тақырлады.
Ақша десе құжынап бал араша,
қарар жан жоқ санаға, данаға аса.
Бұл не заман – Адалдық шарасыздан
ақша-арсыздың табанын тазаласа?
* * *
Мансапты мен малдының,
əкім менен əлдінің,
жарамсақ пен жансыздың,
арамза мен арсыздың
бар заманда құлқы бір:
жағасы ақ та, ұрты кір.
Тойдыра алмай құлқынын,
жаны таппас бір тыным;
уəдеге бай, дəлелге
əр ауылда, əр елде
мұндайлардың бары рас:
сырты жылтыр, жаны лас,
Сызда қалған балықтай.
Күн кешеді тарықпай,
Қоғам содан сасыған.
Ал халықтың жасы – қан.
Шірігеннің дауа-емі –
басын тазарт əуелі!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter