Өлеңдер ✍️
Дәркембайдың Абайға шағынуы
«Ұлыққа үй тігемін» деген дəлелмен Тəкежан жоқ-жұқа жатақ ауылының біраз жерін тартып алып, бала-шағасы шулаған елдің мұңын Дəркембай Абайға өлеңмен айтыпты», – дейді Серікқазы ақсақал.
Мынау заман, Абай-ау, неткен заман,
адалдықты маңдайға тепкен заман.
Кедей-кепшік тентіреп тірлік кешіп,
біздің елден береке кеткен заман.
Бай – білімсіз, би – кердең, бектер харам,
көзі ашықты кіріптар еткен заман.
Əнші, жырау садақа-пітір сұрап,
көр азабын тіріде шеккен заман.
Мисыз қатын ақылгөй болған заман,
ұлықтардың қалтасы толған заман.
Құлагерлер қапыда құздан құлап,
жағымпаздың жабысы озған заман.
Қашқан заман қарттан – күй, жастардан – əн,
көкірегіңді көк тұман басқан заман.
Аяқ бассаң, дос аңдып қастан жаман,
адам біткен аранын ашқан заман.
Сөзден қадір, ерден серт кеткен заман,
ел есердің азабын шеккен заман.
Сөз, ісінде тұрлау жоқ Тəкежандар,
тағдырларды доп етіп тепкен заман.
Өктемсіген озбырлық оқтан жаман,
талтаңдайды тойынған сотқар надан.
Қайдан, кімнен іздейміз əділдікті,
бастан ұрып тұрғанда шоқпар заман?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter