Өлеңдер ✍️
Домбыра
Дүние астаң-кестең – айран бəрі:
əлі де шабақтаймыз қайраңдағы.
Намысқа жеке шауып Домбыра жүр –
қазақтың көзі тірі Пайғамбары.
Шешердей дүниенің сан сұрағын,
тыңдайсың таусылғандай жан-шыдамың,
теңіз боп тебіренесің, төгілгенде
күйлері құйын саусақ Қаршығаның!
Жүргенде көкірегіме мұңым қатып,
найзасын озбырлыққа сұғуға тік
япыр-ай, келе жатқан секілді ме
самсатып сарбаздарын Сырым Датов?!
Барады сəуле қалмай жырымда түк,
болды ма дəл бүгіндей бұрыңғы уақыт –
домбыра Тəттімбет боп сұңқылдайды,
суырып жүрегіңді шымырлатып.
Қазаққа түстенбей жүр Қыдыр-бақыт,
сорласа елің, мəн жоқ ғұмырда түк.
Тоқа-шек безілдейді, қалжыраған
кеудеңнен бедеу Арды құлындатып.
Жан-жақтан құрсағанда белес-бөгет,
еңсеңді көтересің, елес, жебеп:
ойлайсың осы жігіт-күй Құдайы
кəдімгі Құрманғазы емес пе деп!
Бұл заман ойлыларға жаңа сабақ:
əркімге бас шұлғимыз, дана санап.
Домбыра! Өмір нəрін шаш мəңгіге
қазақты өлім-жұттан арашалап!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter