Өлеңдер ✍️
Тұманды
Бəйгеге қосып ақын алатайын
сапарда Атырауда ем. Жазатайым
бір топ жан келіп жетті Алматыдан –
шетінен «сен тұра тұр, мен атайын».
Болуын менің жолым тілеп ерек,
жүйкесін бауырлардың жігер егеп,
мен жайлы сөз айтуға кепті бəрі,
қадірін елі білмей жүре ме деп!
Ұшырған Қаршығасын қыран елі,
сыңғыр үн Сұлушашым шынар еді,
Тұңғышбай – тұлпар тілді,
Құдайберген –
киелі көркем сөздің Құлагері.
Серідей сұлу сазбен Нұрлан інім
шырқаса, ығысқандай қырдағы мұң.
Тайпалған темір тұлпар «Тұмандыға»
жеткізді, той болардай мұнда бүгін!
Əн-Сəуле, «Бейнем-ауға» салшы, жаным,
қалықтап «Тұмандыда» қалсын əнің!
«Тұманды» – кие мекен – туған жері
қазақтың күй дүлділі Қаршығаның!
Ауыл-ай! Қонақ деп күн-түн жүретін,
қыз-келін көздерінен нұр күлетін.
Халықта не кінə бар, тек оларды
басшылар, қосшылар ғой бүлдіретін.
«Жеті арал». Жусан дала. Күннің демі.
Жүгірген жалаңаяқ құмның лебі.
... Елімнің аспанында Күй-Қаршыға
«Сарырқа», «Серпер» болып күмбірледі!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter