Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  150


Автор: Фариза Оңғарсынова

Революция және мен

Көктер қаулап келеді
қақ айырып қара жер қыртыстарын,
қатпар-қатпар саздарын, құм, қыштарын.
Көрдіңдер ме – оянып мұз толқындар
кеудесінен аспанға бұлт ұшқанын?
Оқжетпестің
(Қайрап, қажай алмаған тылсым уақыт
көк тастары қайратын тұр сынатып)
төсіндегі еменге қолын созып
бір ақ қайың келеді бүршік атып.
Шырайланды
тамырына қан жүрген жота, далам,
адамдар мəз, қарны тоқ, Отаны аман.
Азабының лəззатын қызғанады
аруана далада боталаған.
Көктемеде
жүректерде жасудан жігер басым,
ақындардың жанына түнер Қасым,
Жауласулар жат дейтін Аспаның да
төгіп-төгіп алады жүрек жасын.
Көкірегін
нөсерлерге тосады тал ырғалып,
тұмшалайды түндерді жалын, жарық.
Келе жатыр дүниеге табиғаттың
көктем-революциясы дабыл қағып!
* * *
Қатыгез боп барамын күннен-күнге,
(не болды осы, шынымен бұл – менмін бе?)
жаным шығып тұрмаймын бұрынғыдай
жақынға да, досқа да жүрген бірге.
Ештеңені, ешкімді қаламаймын,
өзім ғана – шаттығым, сана, қайғым.
Жанашырлық сезімім сарқылғандай
жанымдағы тартылып барады айдын.
Тілейтіні жанымның – тыныштығым,
бұл тірліктің бір суық, бір ыстығын
кешіп жүріп көн болып кеттім бе екен
жəне өзіме секілді дұрыс мұным.
Күлкілідей күйгелек бұрынғы əнім –
біреу үшін жүгіріп, жығылғаным.
Қайғылыға қосылып жыламаймын,
заңдылық деп қараймын мұның бəрін.
Ұққандаймын енді-енді ғұмыр мəнін,
дауыл емес, тым есті жырымдағы үн.
Бұдан кедей кезімде шашушы едім,
байлық жиып, міне, енді сығымдадым.
Кəусарларым тартылса, сусар ма екем,
табылар ма нəрі мол бір сəн мекен?
Əлде көзден ұзаған кеңдігімнің
«қос ат алып соңынан қусам ба екен?»
* * *
Егілмеймін елжіреп жат қайғыға,
күрсінбеймін – біреуден бақ тайды ма.
Өз тірлігім жетерлік өз басыма,
жаттың мұңы жаныма батпайды да.
Біреу сорлап, екінші түңіле ме –
елтімеймін елжіреп біріне де:
жан досыммен қосылып ағыл-тегіл
мен жыласам, өлгені тіріле ме?
Тұрам, рас, түтіндеп түрімнен от,
жас жоқ бірақ жүректе, діріл де жоқ.
Жылайын-ақ десем де жанашырсып,
зекиді ойым ішімде: «Бүгілме көп!»
Жан дүнием бейне бір тас шемендей,
кекіремін – əлгіде бас жегендей.
Жұртқа жылу бергісі жоқ жүрегім,
тас сараңдай тырысар таспа бермей.
Біреу өлсе – табиғат заңы бұл да,
кетер түбі кімнің де жаны құмға.
Азап шексе – адамзат жаратылған
кешуге өмір тұнығын, ағынын да.
Адам үйір тірліктің дүрмегінде
жанамалап бір-бірін күн көруге.
Сөйте тұра, ал бірақ біреуі жоқ
бел шешетін сенімен бірге өлуге.
* * *
Мамыражай өмір жоқ өлеңімде,
бəрі бостай: өмір ме, өнерің бе.
Өлер бала молаға жүгірер деп,
ауады ылғи аңсарым көне күнге.
Қуаныш жоқ көксандық – көңілімде,
айналғандай өмірдің өңі мүлде.
Өңі айналған өмірге кінəлі кім,
сары тап болған сезімнің соры кімге?!
Біреу айтады: «Жақсы еді – көз тиді», – деп,
Енді бірі: «Шаршатқан жол қилы», – деп.
Пиғылымнан үріккен жер-қарагер
табанымның астында мөңкиді кеп.
Мөңкімектен кетсе де төңкеріліп,
не жайласын жап-жасыл өлкені жұт,
бір қорытынды шығарып жатқан мен жоқ
жоқ жəне де көңілімде көркем үміт.
Тыныштық жоқ. Тірлігім – былағай күн.
Барады ығып қағылез құралай-мұң.
Қуанбаймын ешкімнің шаттығына,
қайғысына да ешкімнің жыламаймын.
Ауыр жүктен арылар арқа қашан –
мен білмеймін. Əйтеуір аңқаны ашам.
Түстік өмірдің тықыры таянса да,
мал жиям деп мың жылдық жанталасам.
* * *
Ғұмыр кештім ақ арман, жігерменен,
қабағыма түн түнеп түнермегем.
Көзім сүзбей өмірде ештеңеге,
ешкімге де тəуелсіз жүрем деп ем.
Өз-өзімнен шалқиып шіренбегем,
алып-ұшқан көңілім күрең дөнен.
Шалдықтым да заманның бір дертіне,
үйді алдымен толтырдым кілемге мен.
Он саусағым жарқылдап алтынменен,
Пүліш киіп жылынды салқын денем.
Машинасыз баспаймын аяғымды,
тек байлықтан өмірдің парқын көрем.
Жанымда – аласапыран, күрес, күдік,
күн жылусыз қалғандай нұры ескіріп.
Маған келген сыйларды баяғыдай
жастарға енді бермеймін үлестіріп.
Айнымас дос жырақтап, қайран құрбы,
байлық-құзғын төрімде сайран құрды.
Адалдық пен арымды сорып алып,
мені де өзіндей құзғынға айналдырды.
* * *
Мына менен қанағат кеткен мүлде,
ақыл-оймен көз салмай өткен күнге,
кемел қарын кекірік атқан сайын
құйрық, жалды асаймын шекпен бірге.
Дірдек қағып шуақты көктем күнде,
жылына алмай өртіне от демнің де,
үйе бергім келеді иығыма
орны бар деп тонның да, шекпеннің де.
Ойламаймын өз басым өткердім не,
жабыққанды жарылқап жеткердім бе,
басқалардың мұң, қамын жеп көрдім бе,
əлде өзімнің күйіммен шектелдім бе.
Данышпан ба – ол мейлі – жақсы адам ба –
көз салмаймын биліксіз басқаларға.
Кеудемдегі мұнармен тасаланып
былай қалды баяғы дос-жаран да.
Жанды сөзді жаныммен тыңдамадым
(жақсыларға соныммен мұң жамадым).
Ұқпайды деп жұрт мені дүниеге
біреу үшін келгендей тұлданамын.
Басқаларда – жайлы орын, жайлы серік,
кең жалғанда бейне өзім – байғұс елік.
Сызданамын əлемде жүргендей-ақ
жұрт ыржыңдап, мен ғана қайғы шегіп.
Рахат – тұл, дүние – демек, қараң,
жылануға əйтеуір себеп табам!
Бəрі адамша менде де болу үшін
тек аз ғана қанағат керек маған.
* * *
Өмір сүріп жүр екем бекерге мен,
кешсем де азап, арманға жетем деп ем.
Жүретінмін көңіл тоқ – жырым бар деп,
кəрі-жастың жүрегін мекендеген.
Бүгін барлап қарасам: ұят қандай!
(өлген артық өлексе сияқтанбай).
Жыр жарыста жүріппін жүйрікпін деп
өрден өрге шабатын тұяқ талмай.
Болмашыны бақыт деп қуаныппын,
сəл нəрсеге жүдеппін жыланып тым.
Мұра көріп майысқақ жолдарымды
тұрмын деппін төсінде жыр алыптың.
Рахатты тұл еткен құрсын əнім,
Қызыл судың көбігі – жырсымағым.
(Жасырынар жер таппай содан, міне,
ар алдында өлердей қымсынамын).
Енді үңілсем:
Жер басқа, аспан да ерек.
Күштер де өзге жүретін жасқап, жебеп.
Тегі маған азабын, ақыретін –
бəрін-бəрін қайтадан бастау керек!
* * *
Бар мəнін бүгін ұқтым,
бүгін ұқтым бар сырын ұлылықтың;
ісім болмай мақсаты, мұратымен,
өмір бойы отына жылыныппын.
Бүгін ұқтым тымырсық мұнар шалып
тұрған Жердің төсінде қыранша ағып,
большевиктер қаймықпай қақты неге
революция дабылын ұран салып.
Жердің уақыт жамаған тоты ашылмай,
ала-құла, жолбарыс жотасындай.
Жасыл шалғын жаппайды Жер-төзімді
құрсаулаған теңсіздік-соқа сынбай.
Бастауларды бітейтін жолын бөгеп,
көлбегендер өмірдің төрінде ерек
данышпансып, күнгейдің талмап нұрын,
ұғуы үшін қаңбақтай салмақ, құнын
революция дауылы соғу керек.
Соғу керек қалтырап қарлы жақпар,
еменсіген жаурасын жалбырақ тал,
көкжиекке бет алсын көзі жайнап
белдеулерге байланған арғымақтар.
Дүниені тоғытып қарлы күдік,
қалмау үшін қақталып жаңбыр үміт,
өмір үшін – тұруы керек Жерде
революция дабылы жаңғырығып!
* * *
Революция!
Несің сен?
Бары рас тың үн əніңде,
мазмұның қандай, мəнің не?
Жүйкеңді қасыр дыбыстан тұрар əлемде
шаршады жаным елеңдеуменен əр үнге.
Революция –
арылу ма бұл күңдіктен?
Болғанмен аспан, құрлық кең –
бітісе алмау ма Жердегі жеке сарынды
қалыпқа салған тірлікпен!
Революция.
Жаныма мүмкін керек ем,
таппаймын іздеп неге мен?
Дауыл ма, ол əлде баяғы Құрманғазы ма
болат кісенін егеген?
Қоғаммен жеке егесте
ентігіп ермей елеске
əділетсіздікке лағнет айтқан өліммен
Революция –
Баянның өзі емес пе?
Ойлаумен жерін, сор халқын,
іздеген түнде жол жарқын
шамшырақ еткен жапанға жайдай жырларын
Махамбет шығар ол бəлкім?
Революция...
Мен үшін соның мəні не?
Жалғасуда ма əлі де?
Жайынан безіп, жай таппай кеткен жалғаннан
Ақанның əлде əні ме?
Елімнен мұра – мəңгілік жасыл егісім,
сақтай алам ба жемісін?
Ұрандар емес, ту емес – солар əлемдік
революция мен үшін.
Ендеше ол сіңген тамырға,
Ендеше ол менің қанымда!
* * *
Шаршадым жүрегіме əлім келмей,
кеудемді қусырады дамыл бермей.
Тұсаған тұла бойды осы дертті
қойды бір ақылым да, əнім жеңбей.
Əлім жоқ. Санам қалды кісенделіп,
дауа іздеп, дəрі-дəрмек ішем келіп.
Қандай күш көңіліме қақпан құрып,
жіберген жамалыма мыс өң беріп?
Шырмаған жүрегімді қайдағы дерт?
Тастайын дей ме мені сайға күреп?
Көңілім əлденеге тəуелдідей,
əлдекім қадағандай найзаны кеп.
Осы күй маза бермей маған мүлде,
талпынып, жете алмай жүр санам Күнге.
Сайранды сауықтарға ұмтылам да,
бəрібір тұтқындалып қалам күнде.
Маңымда жаны ашитын жақын қалмай,
күн кешем жайсаң айтқан ақылды алмай,
зынданда шарасыздан ғұмыры өткен
ертегі еліндегі батырлардай.
Бұл күйді біреу айтса түк сенбес ем.
Кетіп тұр менің сол бір үстемде есем.
Азап та шекпес едім, сол дүлейге
бойымнан қарсы тұрар күш көрмесем,
жетем деп бір шуаққа тістенбес ем!
* * *
Мен революцияның жемісі ем –
көкірегіме құрт түсті, сырқат жаным,
шырқап едім, көк түгіл, бұлт аспадым.
Сезе алмаппын жанымнан жалт бұрылып
жүректерге от берер жыр қашқанын.
Мөлдірліктің бесігі – лағыл аспан,
ұмтылсам да, қойды бір дарымастан.
Былығыппын өзім де қара жерді
тазартам деп жүргенде шаң-ластан.
Жарқыл қағып найзағай жырларыммен,
шуақ алса деп едім қыр да əнімнен!
Енді жырым жылыта алмай өзімді де,
көтерілер түрі жоқ құмнан іргем.
Биік шырқау шегі деп мықтылықтың,
тазалық деп көктегі тып-тымық күн
қиялдап ем, ал бүгін жер-жөргектің
бар ауруын жаныма жұқтырыппын:
Жылы төсек, жайлылау орында – үміт,
мақтауларға, құрметке көңіл бұрып,
санам сезбей, даңқтың гүлдестесі
десе, қоя береді өңім жібіп.
Жетер демей өмірдің төрі кімге,
есіл-дертім – өрлеудің жолы. Бұл не?
«Озық тұрсам басқадан», – деген бір ой –
аузым айтпағанменен, көңілімде.
Өстім өрлеп, батпадым қайғыға шын,
кешкенім жоқ батпақты сай-жырасын.
Айналдырдым өз мақсат, өз даңқыма
революцияның қалдырған бай мұрасын.
Шырқар болсам қайтадан жебеп сенім,
туса маған жеңісті ерекше күн,
онда басқаларды емес, ең алдымен
өзімді-өзім жеңуім керек менің!
* * *
Болмысым, жаным – сұрапыл,
сұлулығыңнан тым жырақ.
Артында мұның күнə тұр,
жаны ашыр, білсе, Күн жылап.
Қатысым бұған жоқ менің
(күнəдан басты аршиын!):
табиғат – жалғыз өктемім,
жазығым – алдым бар сыйын.
Сұрапыл – сезім, қыс – жаным,
қайшылықтармен ес білгем.
Жанымның бұрқаныстарын
жеткізе алмаймын еш тілмен.
Көз салып жұртқа, туысқа,
өзімді жерге жатсындым.
Кектеніп жаратылысқа,
жанымды тауға, тасқа ұрдым.
Қара жер кенет тілініп,
қақ жарылғандай екіге.
Мен жалғыз тұрмын ілініп
жарылған жердің шетіне.
Басқаның бəрі тұр қарап
жұмақтай анау кең жерде.
Жақындар, достар күн қабақ,
жетермін қалай сендерге?
Серігім – жел мен Күн менің,
мəңгілік тылсым, мылқау маң.
Төзіп ем,
өтіп түндерім,
жайнады дүние. Бұлт ауған...
* * *
Ұсақталып барамын, ұсақталып,
іс тындырып жатқам жоқ күш ақтарып.
Тау қопарып немесе құрыш қайла
көтергенім жоқ əзір құшақ талып.
Жарқындық жоқ жамалда – күлгін, жасық,
майлы-жайлы күндерден жүрмін қашық.
Жалын күндер жыл сайын жырақ кетіп,
өн бойымды тұрғандай бір зіл басып.
Бұрынғыдай жарқыл көп жан-жағымда,
бірақ мəнсіз секілді таңдарым да.
Қызыну жоқ – лапылдап біткендеймін
күйіп-жанып жердегі бар жалынға.
Тіршілікке селқоспын, самарқаумын,
орнындаймын өртенген жанартаудың.
Жататындай жанымды жанап өтіп
пікірлерің, жиының, алар қаулың.
Өмірім де ажарсыз – əжімді бет,
құлыншақтай жіберген жалын күзеп.
Қуаныш-нəр тамшыдай шөлге тамған
рахат та келгесін жанымды жеп.
Көп-ақ менің өзіме тағар мінім.
Көңіл олқы, басады жанарды мұң.
Көретінім – көлеңке.
Соның бəрі
тегі мына өзімнің жамандығым.
* * *
Өлең жазам өзімше данышпансып,
жандай менен басқаға намыс таңсық.
Жарамаймын сүйтсем де құлап жатқан
саз-балшықтан алуға танысты аршып.
Теңдесі жоқ ойшылмын, сөзім – дана,
«ұсақталма, – айтарым, – төзім жама!»
Басқаға ақыл беруде, сын тағуда
менен мырза адам жоқ – өзім ғана!
Жүрсем деймін жұрт жетпес бағаны алып,
қарсы келмес өмірде маған анық
біреулерді жинап ап айналама,
көсем болып отырам дараланып.
Ұнағым кеп тұрады көпке менің,
сезгіш, сырбаз ортаға беттемедім.
Ойы терең , дана ақыл жандар көрсем,
құтым қашып, ішімнен жек көремін.
Салмақтымын – қопарсын неше сең кеп,
маған жақын жүргендер есесі өрлеп.
Көмей көргіш ортада жақ ашпаймын
талғап айтар дана адам десе екен деп.
Өкпелімін халқыма жүрмей түйреп
мен секілді тұлғаны Күндей сирек
тас төбеңе шығарып, хан көтеріп
тайраңдатып қоюды білмейсің деп.
Көре тұра жандарды еңбегі шың,
кердеңдеймін еректей елден ісім.
Қалу үшін Адам боп, өз кеудемнің
менмендігін баса алсам – сол жеңісім!
* * *
О менің өкініштерім!
Ар ағашына асыңдар мені –
жалмасын, жұтсын жасындар демі,
қызықсыз, мəнсіз ғұмырым үшін,
мастанған құнсыз қылығым үшін
таптасын мені ғасырлар легі.
Адамды өкініш – қаза құртады,
мені де өртесін жазаның табы,
келер күндердің ғажап ұрпағы
алмасын аршып зар жырымды ордан,
тартайын сонда тағдырым болған
азаптарымның азабын тағы.
О бастан бергі шетін істерім,
елемей көздің еті де іскенін
тойғаным тасып...
Солардан бүгін
бойыма сіңбей отыр ішкенім.
Кеудемді қысқан менмендіктердің
талқандап құрсау-бекіністерін
өртеңдер мені, өкініштерім!
* * *
Оян, ар мен адалдық!
Сағатқа оян!
Мен қашанғы сендерді қамап қоям?
Бейшара боп баратқан өзіме өзім
кейде анамның көзімен қарап қоям.
Қараймын да өзімнен жиіркенемін,
сонда өзімді келеді желкелегім.
Ардан безу данышпан жасамайды,
ғұмырым да бəрі бір келте менің.
Қасиетім кеткендей ыстықта оңып,
ішіп-жеуге бейіммін шықшыт толып.
Бір билікке қолымды жеткізіп ем –
кетті менің болмысым быт-шыт болып.
Кінəлідей əр қадам, өмірі сын,
қапелімде кетердей мол ырысым,
айналаның бəріне жақсам-ау деп
қалтыраймын, қорқамын орын үшін.
Байсалды едім – жаным кең, төзім жердей,
жүрмін енді өзімді өзім жеңбей.
Мені сүйеу көретін жандарға енді
сырт беремін, ешкімді көзім көрмей.
Дірдектетіп сеңдердің көші мені
самғатады не мүлде өшіреді.
Қалай мұнша өзгердім?
Əлде о бастан
болмысымның бар сиқы осы ма еді?
Өмірде ешкім тонамай тоналу бар,
соны ойласам, жанымда соғады ызғар.
Қапелімде көзімнен ұшқан арым,
адалдығым, өзіме оралыңдар!
* * *
Мына күн тұр ма тағы жауғалы,
қалайша бейуақ таңым аунады?
Шуаққа қайта шомылуды аңсап,
ешкім білмейді, жаным аурады.
Тұмандар, неге құрдыңдар желек,
тұтқындамаңдар, сырғыңдар кенет.
Жаным да жердей, тіршілігі үшін
аймалар жылы бір нұрлар керек.
Тауыстым ба екен қуат, төзімді,
жүрегім ылғи жылап көз ілді.
Түндерді жарып іздеп келемін
жанымның нəрі – шуақ кезімді.
* * *
Революцияның дауылы керек жаныма:
сілкілеп алар шаңдарын,
ұмыт боп асқақ арман үн,
қасаңсып барады баяғы нəзік талғамым;
көре алмай қарды, сеңді аппақ,
кеткендей көзді шел қаптап;
елемей шыңды мен ғана
жүргендей жалғыз жерді аттап.
Өрмекші-күдік шырмалап,
қалғандай жырақ нұрлы аспан
онсыз да жұқа жаныма
жоқтан өзгеден мұң жамап.
Бағаламаймын жандарды
ниеті – көктем,
Күн қабақ,
жүрегін берер қақ бөліп
жақсыдан безем жат көріп,
күйбеңмен өтер күндерім
қонардай маған бақ болып.
Сары тап болған санамда
шуағы түсер ғаламға
ойлар аз. Жəй тірлікпен,
тірлікпен асқақ үнді үккен
адам боп жерде қалам ба?
Жаңғыруы үшін жанымда
миым ба, ой ма, қаным ба –
тоғытып топанды ағынға,
от берер жанға, жанарға
революция керек маған да!
* * *
Қайшылықтар, кереғар пікірлерден,
өзімді-өзім сынаудан, үкімдерден,
жазалаудан, ақтаудан, жазғырудан
тұратұғын мəнімді түтіп жеумен
келем əлі, жаным – от, түтін – кеудем.
Бет қаратпас сұрапыл – сезімдерім,
еске салар көңілім теңіз желін,
жаным нəзік тəніндей жас баланың,
қара түнмен арбасып көзімде күн;
сана – мұзарт таулардай, ой – сəйгүлік,
найзағаймен шешімім егіз менің;
шарттылыққа жаны жат болмысыма
шағаладай шарқ ұрып ем іздедім.
Мұндай мəнге мəз болып семірер кім,
үгіп жеуде ішімді жегі-дертім.
Жан əлемнің тартысы – күндіздерім,
буынымды сыздатып кемірер түн.
Қарсы ағысқа ұрынбай, жүзсем етті
толқындардың бойымен емін-еркін.
Қайшылықтар қағысы түбі, əйтеуір,
ақиқатқа апарар мені мүмкін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу