Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  156


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ұрпаққа

Жұртты ысырып өзіме жол да ашпадым,
басып өтіп басқаны төрге аспадым.
Жоқтау айтып, жібітіп ел көңілін,
сұрап, сығып алмадым көз жастарын.
Жең ұшынан ешкіммен жалғаспадым,
жалғандықпен алысып қан қақсадым.
Жар сап жоқтан өзгеге, жұртты жиып,
арзан атақ-беделге жармаспадым.
Дүрмегінен жырақпын дау-жаланың,
адалдықтың талқаны – қаузағаным,
Əкімдерге жағам деп үн шығармай,
біреулердің көңілін ауламадым.
Дөкейлерге су құйып тұра қалып,
аузы-басын жаласып құлап алып,
бақ-дəулеті басынан тайған күні
түскенім жоқ соңына шырақ алып.
Жарамсақтың білері – қарға кəсіп,
биліктімен май жалап, қан жаласып.
жұрт үйренген бұл күнде жалған күліп,
жалған жылап, өтірік жандары ашып.
Жарым естеу жанмын ба жұғымы кем,
арды аттамай, тек жүйке-шыныны үгем.
Өзі түгілі қылмыскер Жалғандықтың
жуыспадым жұқана-жұғынымен.
Ақылым жоқ, үстімде – от жамылғы,
бола алмаймын ел түгіл топқа да үлгі.
Бақ-байлыққа қол созған ақылды ұрпақ,
нысана етпе менің сыз соқпағымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу