Өлеңдер ✍️
Әділдікпен бұлтару
Берілме шындық іздеп қайғыға тым,
шындықтан айныр көсем, айныр ақын.
Жерде көп қамалдар мен иірімдер
адамды əділ жолдан тайдыратын.
Кім түспес пенделіктің қамалына,
бұғаулар естіні де, дананы да.
Тайдырар бала жайы əділдіктен
мықтыңды бой бермейтін шамалыға.
Естінің шаттығынан мұңы басым,
болмайды жақыны да, ұлы да шың.
Досыңның бір қатесін бүркеймін деп,
ақиқат соқпағынан бұрыласың.
Шамалы құдаңның да елде құны,
жетеді бір басына пенделігі:
шындықтан тағы аттайсың, отырғызып,
амалсыз жылы, жайлы жерге мұны.
Көсемсің, аяқ бассаң, той жан-жағың,
мəн-жайды ойлап жатпас тойған қарын.
Арқырап əйеліңнің төркіндері
істетпей қоймас саған ойға алғанын.
Бұғауы пенделіктің – мұның бəрі,
əуелден жердегінің ұғымды əні.
Адамзат құрсауланған баяғыда-ақ,
сол заңға бағынышты ол бүгінде əлі.
* * *
«Япыр-ау, қайда кеткен шуақты өлең?
шуақты өлең жазғанға құр ат берем!» –
деп бүгін жыр іздейтін адам бар ма –
біреу мені іздесе қуат көрем.
Сыңғыры байқалмайды – бұлақ керең,
сыбдырлап жайқалмайды құрақ деген,
Қарақат, бүлдіргеннің иісі қайда –
күбірлеп өзіме-өзім сұрақ берем.
Өлеңімде сұрақ көп, өмірде де,
тыншымайды, мазасыз көңіл неге?
Бір ғажайып кездерге жетем деуші ем –
түсімде ме, білмеймін өңімде ме?
Туады екен тірлікте не түрлі күн –
ақберен жыр – жабырқау жетім бүгін;
ұстаймын деп жыр туын жүрген мен де
керегі жоқ бір нəрсе секілдімін.
Қамасам деп назына намыс, ардың,
жүріп келем – қураған қамыс алдым.
Іздемесін жырымды, түбі əйтеуір
жүректермен туар бір табысар күн.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter