Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  181


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ақыл қиянаты

Хабарым жоқ қасіретті шаң-күдіктен,
атырушы ем қырымда таңды үмітпен.
Табанымды сүйетін қытықтап құм,
жалғастырып жанымды мəңгілікпен.
Қозы айдасам күндерде құлын қылық,
қоңырлықтан қашатын суыр бұғып.
Көк шалғыным жанымды тазартатын
мені мөлдір шығымен жуындырып.
Қарағайдың иісі-ай тоғайдағы!
Тоғай жаны – көкпеңбек көл айналы.
Көлге жетпей балалар жамырайтын
қой жуаға жабылып жолай бəрі.
Ақ ботаға жарасар зерлі ноқта,
бас қоймайды тұмса інген кергіп отқа.
Қой маңырап, құлыншақ кісінеген
қырмызы кез келмей ме, енді жоқ па?
Көргем малды келмейді керең дегім
қос биені боз құлын тел емгенін.
Соның бəрі бұл күнде түсіме еніп,
шулап бірдеңе айтады емендерім.
Суым – ащы, шөп – нəрсіз, затым жеңіл,
сорға айналып көлдерім жатыр не бір.
Ауам улы. Жердегі бар нəрліні
жеп тауысты біртіндеп Ақыл-жебір.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу