Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  459


Автор: Фариза Оңғарсынова

Толғау

Маңғыстау – менің мұңды үнім,
мұңды үнімменен нұрлымын.
Жақсыларымды жалмаған
өмір дегенің – бір жылым.
Ақындар өткен бұлбұл үн,
батырлар өткен
нұр күнін
құрбанға шалған ел үшін,
құлдықтың қырқып шынжырын.
Тауқыметі таудай тірліктің
тылсымдарына жылжыдың.
Əулиесі жердің астында,
үстінде жүрген кім бүгін?
Тірілерге тірек болар
-ды
-ау
бір Абыл менен бір Нұрым!
Аспанда ғой деп, Күн, Айды,
жердегі асылын шырайлы
көрмей,
кəусар деп лайды,
елемей құдірет құмайды,
заманды билеген көп қарға (көп қарғаларға сот бар ма?)
сауысқандарға құлайды.
Өмір заңы біреу – алдымен
сұңғылаларын сынайды.
Ықпай өтсе де көзге ілмей
құдайсыз ығай
-сығайды,
Нұрымдар да содан мұңайды.
Қасиеттім менің – Маңғыстау,
қасіреттім менің – Маңғыстау,
көнбісті менің көнбесім.
Тірі пендеге төр де – сын,
жаманға тиген шен де сын:
Қанжар мұқалар егеусіз –
егеусіз болса ерге сын:
ерлері қалса жебеусіз,
жебей алмаған елге сын.
Не сыр бар сенде – адамың
тірісінде жүріп елеусіз,
əулиеге айналған өлгесін?
«Думанды көрсе жұлқынған,
салдырмай қамшы ұмтылған»,
талқысынан мұндар талайдың
«толықсып жүрген адайдың»
намысы талай жыртылған.
Көкірегінде жыр тұнған,
топырағында сыр тұнған
Маңғыстауда жатқан ұлы елдің
Нұрымдары болған бір туған.
Қамаулардан қарғып өлеңі
сəйгүлік аттай бұлқынған
Нұрымның жолын кім қуған?
«Қырмызы қызыл мынау заманда»
көңілім жыртық, жағам да –
жыртығымды немен жамаймын,
ортайған жерім толар ма?
Алтынды байрағы Шабайдың –
ұл бар ма қолға аларға?
Намыстың сойылын соғарға,
қазаққа тұлға боларға?!
* * *
Менің пірім, тірегім, тұғырым да,
əшекейлі алқам да, бұрымым да,
қолдаушым да – жалғыз-ақ елім менің,
қастерлімнің бəрі бар бұл ұғымда.
Елдің сезім, сенімі...
Ғұмырда ешкім
қосып жеткізе алмайды мұны жырға.
Бұл ұғымда – қуатым, ғажап əнім,
күнге ұқсаған ып-ыстық таба наным;
бауырлардың сезімі, сенімдері
менің қамымды ойлайтын сан ағаның;
ел – дегенім – самалды Саумалкөлім,
тұнығында жүземін, таранамын.
Өз-өзімнен кей сəтте түңілемін,
мен дегенде бұзардай Күн реңін,
үйреніп ап «Мен жақсы» ариясын,
сұңқыл қағып шырқаймын мұны керім;
ұқпай қайдан жақсы боп туғанымды,
сіңірмесе бойыма нұрын елім;
сіңірмесе қаныма жақсылығын,
жайсаңдығын, тəтті əнін, ащы жырын;
көкірегіме кеңдігін сыйғызбасам,
қасиетке менің де тапшылығым!
Сенсіз биік қиялар қиял ғана,
менің асқақ діңгегім, бас тұғырым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу