Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  138


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ондының оты

Қиялды баурап қыр-арман,
қызғалдақ-белге шақырдың.
Көзімді аша алмай тұманнан,
адасып келе жатырмын.
Қыр деген еркін кеңдікпен
балауса шалғын деп білгем.
Сезіммен жанды сергіткен
қыр жаққа тартып кеттім мен.
Бұл жолда маған таң-ғашық
шапағын тосып тұр деппін,
жаңбыр мен тұман алмасып,
адастырарын білмеппін.
Тұманды тылсым жан-жағым,
қиналдым сонда дағдарып.
Еске сап атар таң барын,
көрінді бір нұр жап-жарық.
Жазда да ызғар болады-ау –
малтыққандаймын қарға мен.
Тұманды серпіп сол алау
шақырғандай ма таңды əлем.
Сол отқа сүңгіп жанарым,
сайрады қырда сұлу үн.
Сезіндім сонда даланың
мəңгілік Күндей жылуын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу