Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.05.2022
177
Досат ақынның Саулық болысқа айтқаны
Ей, Малбайдың ұлы Саулық-ау,
ұят пен ардан жасқанбай,
кердеңдеп қадам басқандай,
тарландай тарпаң ерлердің
құм етіп оттай жігерін
тағдырына күлді шашқандай
айтшы сен өзің кім едің?
Біз білген атаң Күдері
шала қазақтың бірі еді,
ат артына мінгесіп келген құл еді.
Аз күндік баққа мастанып
басына шықтың халықтың,
туғызып түнек, тамұқ – күн
тексіздігіңді таныттың.
Шалшықта жүзер шортандар
қарағайдың басын жайлады,
асырып қулық – айланы.
Сен тақсыр болған бұл таңда
жалпылдақ жалды жабыны
қосақтап қойдың тұлпарға.
Асқақта, Саулық, асқақта,
қалмағын ертең арманда,
баянсыз мынау жалғанда
билігің, бөрі шеңгелдім,
сенен де көшер бір күні,
ажал атты мергеннің
мүлт жібермейтін мылтығы
нысанаға сені алғанда!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter