Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.05.2022
132
Оғыланды тауы
Адасып келем,
дала асып келем елсізде
түн менен ойға қамалып,
жусан иісінен нəр алып.
Жұлдыздар көктен қарайды самсап қадалып.
Алдымда тұтас көкжиек құшып тау жатыр
ықтын болардай жолаушы жетсе жаны арып.
Ойымша – сонда маған да пана болатын
жылы бір ұя бары анық.
Құлама құзы – тайғанақ,
тəубаға келдім – қарап ем
қатерін төгіп тұрғандай маған бар əлем.
Қастерлі тауда қасиет бардай жарылқар
шықпай жүргенді жаны əрең.
Келесің мұнда сырласу үшін сақтанбай
өзіңмен, армен, даламен.
Түн құшып жатыр бұл маң да...
Жарқ етер екен таң қашан?
Сенімсіз түнде үмітімді немен жалғасам?
Ал, менің əлі сапарым қанша алдымда,
күш құяр жанға жолымда сəуле – бар ма шам?
Əлі де біраз жолым болмайтын секілді-ау,
Оғыланды тауда бір түнеп қуат алмасам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter