Өлеңдер ✍️
Ер-Тұрман
Өртейді бір өкініш жиі мені...
Киіз үй. Мекеніміз қиыр еді.
Анамның алданышы, сүйінері –
əкемнің ер-тұрманын күніне бір
тазалап, қайта-қайта иіледі.
Көзінің тірісінде қайран əкем
қастерлеп қадір тұтқан бұйымы еді.
Қырда едік, көп жайлардан жырақта едік.
Мен жүрдім ер-тұрманды мұрат көріп.
Үзеңгі күмістеген, күміс жүген,
соқтырған Сəрсен шалға құр ат беріп.
Əкемді сағынғанда, ер-тұрманын
сипалап отырушы ем жылап келіп.
Күміспен бағдарлаған өмілдірік,
қараушы ем құйысқанға өңім жібіп.
Тоқымы тобылғы түс былғарыдан,
тұрғандай, шылбырды алсам, қолымда үміт.
Шап айыл, төс айылды шірей тартып,
жүйрікпен жол тартатын көңіл-жігіт.
От тұяқ кең даланы дүбірлетіп,
терлікті терге малар со күнді күт!
Көңілімде бір сыр жатты жанға айтылмай,
сол сырмен əке үмітін жалғайтындай
сезіндім, атқа мінсем əкеміздің
шаң басып ер-тұрманын қалмайтындай.
159
Сол тұлпар, тізгін тартсаң, қаршылдатып
шайнайды ауыздығын таңдай тынбай.
Мұз шатқал, тау-тасты да тұлпар тұяқ
тағасыз тіліп өтіп самғайтындай!
Соғыстан соңғы кезең, жүдеткен ең,
нан тапшы, қуыршақ жоқ, тірек те кем...
Жанашыр, мейірімді еді адам біткен,
сол ғана аш қарынға, жүрекке де ем.
Түндерде жүйрік мініп, қиял қуып,
қараумен ер-тоқымға күн өткерем,
ат мініп, адам болып, əке арманын
жалғасам деген жалғыз тілекпенен.
Əкеміз елге сыйлы кісі еді арлы,
білмейтін жағынуды, күш-амалды.
Əкенің абыройын оранып ап,
кешпедік жетім күйді, құса-зарды.
Бір күні сəске түсте үйімізге
сау етіп төрт-бес атты түсе қалды.
Басқарма! Танитын жұрт оны тегі,
қаһарлы дейтін жүрген жолы пері.
Олардың айтуынша, ауылдағы
жүйрік ат, асыл бұйым соныкі еді.
Қадалды анамызға Құрман кенет:
«Бар қазақ ата салтын қылған медет:
ағаның ер-тұрманын мен ұстайын,
не пайда үйде босқа тұрғанда», – деп.
Жылады, шырылдады анам көнбей,
мен тұрдым сөз айтуға шамам келмей.
Əкетті ер-тұрманды.
Біз қосылып
жыладық əкем сонда жаңа өлгендей.
Сол күні əкеміздің қосын керіп
бір құйын ойрандады тосын келіп.
Жыл-ұршық зырылдады. Біз əйтеуір
ошағын əкеміздің өшірмедік.
Өмірдің бұл да заңды күйі ме еді...
Ойласам, жанымды жел үйіреді.
Сол күнгі жасты, ызаны кішкене қыз
кішкене жүрегіне түйіп еді.
Сол күннен басталған-ды оның жəне
шарасыз күйден күйреп, күйінері.
Мен сонда дертті болдым. Сол дертімнің
өмірде табылуы қиын емі.
Өртейді өкінішім жиі мені.
Əкемнің көзіндей бір бұйымы еді...
* * *
Əлде батып кетті ме сөзім менің,
əлде сенше жоқ па еді өзіңде мін –
бұрыңғыдай жарқ етіп қарамайсың.
Түсіне алмай, түнімен көз ілмедім.
Жүрегіңде бір зіл бар.
Үндемедің,
мұнар жауып көзіңнің нұр желегін.
Тым болмаса айтсаңшы – біреуде ме,
тағдырда ма, менде ме – кімде кегің?
Не боп кеткен, құдай-ау, адамдарға,
сен де сондай болған соң амал бар ма...
Шындықты айтсаң, ақымақ көреді жұрт,
жалған күлсең, жағынсаң, балар жанға.
Сен де ұқпадың, жаныма үңілмедің,
тіл табудың таба алмай жүрмін бе ебін...
Жүрегімді саған да жая алмасам,
бекер екен өзгеден түңілгенім.
Бұл – мен үшін əуелден таныс қайғы,
көлгірсулер жанымды жаныштайды.
Ақиқатпен бетпе-бет келе алмайтын
жанның бəрі менен де алыстайды.
* * *
Қандай азап сезіну, сезу деген!
Сол азаптан əзірмін безуге мен.
Жанның ағыстарымен салыстырсаң,
түк еместей бұрқанған теңіз, кемең.
Сені мен мен – қайтеміз өзгені біз,
жақындамай, тілдеспей өздеріміз
теріс қарап тұрып-ақ сезінеміз,
жауырынға біткен бе көздеріміз?!
Болмақ емес біздерде ашық өкпе,
мен – тамыры, сен – қайың – басы көкте.
Жазатайым құласам – сен құлайсың,
қасиет пе, бұл əлде қасірет пе?
Алмайды ешкім сезімді ақы-пұлға,
əлсіз оған даңқың ба, уақытың ба.
Менің бақыттылығым сол жалғанда –
қасіреттен тұрады бақытым да!
* * *
Көрінбей кетсең, сені мен
көруге тіпті құштармын.
Жаныма жақын келіп ең –
келмеді бірақ тіс жарғым.
Жүрегім талай алқынды-ақ,
бір саған арнап мұң-əнін.
Жиында жұртқа жарқылдап,
көзге ілмей сені тұрамын.
Құдыққа барсам, қарадым
ат суаруға келгей деп.
Түңілтіп кетіп қаламын
түсімнен жылу бермей көп.
Жанымда арман, мақсат көп
екеуміз ғана ұғысар.
Сонда да саған асқақ боп
көрінуге мен тырысам.
Қыздардан өрлік қалған ба –
құлай сүйсе де шектелген:
сен алғаш сүйіп алғанда,
ашуланған боп кеткем мен...
* * *
Сағынып жеткен шағыңда
жаз жайлау – атамекенге,
дала боп дархан жаның да
жадырап қалады екен де.
Самал боп сені тербеткен
көңілдер деген пəк қандай!
Сырларды түйген сен көптен
тұра да алмайсың ақтармай.
Əн-күйдің қымбат мұнда аса,
күтпейді Сізден сый бөтен:
(домбыра төрде тұрмаса,
қазақтың үйі үй ме екен!)
Амалсыз сосын əн салып,
Бибігүлге ұқсап бағасың.
Тыңдайды сені барша жұрт,
ертіп кеп бала-шағасын.
Кəрі-жас қалмай маңдағы,
той болып ылғи түн деген.
Боз үйге сыймай қалғаны
сығалап қарар іргеден.
Жұмақ-ай мына дала шың,
көңілдің бұлты ашылды.
Жаңартып содан аласың
ой қажап біткен басыңды.
Босаңсып кетеді екенсің,
қоштасу жасы кетті ағып.
Қимайсың, бірақ, кетесің
күйбең тірлікті бетке алып.
* * *
Бұл жырлар жазылмас еді-ау,
мен қайғы жұтпаған болсам.
Бұл жүрек табынбас еді-ау,
сен жұртқа ұқсаған болсаң.
Көзіме ілінбес те едің,
шыға алар шыңдарым болсаң.
Тек саған жүгінбес те едім,
иіліп құрбаным болсаң.
Мен бұлай жүрмес те едім-ау,
өмірде болмаған болсаң.
Сүюді білмес те едім-ау,
сенімді қорлаған болсаң.
* * *
Бір жүрейік,
қос дауыспен «Аққұмдай» бір əн салып,
тұтқындасын ақынды қылаң шабыт,
мұңдылар да еске алсын бақыт күнін,
жанарларды тұрмасын тұман шалып.
Өмір – жасыл бақ емес, арналы құз,
таба алмайтын сəттер бар қарманып із.
Бұл тірлікте түк емес кейде біздің
ұғыса алмай, керісіп қалғанымыз.
Несі қызық бар дəмін
татпай кетсек, өмірге келіп тұрып,
қуантпаса ол, жылатып, еліктіріп?!
Кейде дауыл соқпаса, тыныштық та
жібереді емес пе зеріктіріп?
Бір жүрейік
жүзімізден арайлы арман ұшып,
жанымыз – дəл гүл құшқан таңдағы шық.
Бізді көріп секемшіл мына жұрттар
бас шайқасып, дал болсын таңданысып.
* * *
Көгалды алаң. Сүт сəуле қырды басқан,
біз отырмыз жанардан арман ұшып.
Еленбейтін бұрынғы жұлдыз, аспан –
бəріне таңданысып.
Теңесем де өзіңді жасықтармен,
бір батылдық көруді аңсап едім.
Кеткім келген кісі боп асыққанмен,
жібермей қалса дедім.
Батылдық па күтпеген, жүрек пе ізгі
сені маған жіберген сүйікті етіп.
Менің балғын денемді дір еткізді
қолдарың тиіп кетіп.
Құшақтадың. Соны аңсап бір тынбап ем
(бір бұлқыныс басталды іште керім)
ашуланған кісі боп бұлқынғанмен,
құшақтай түссе дедім.
Адам деген бақыттан тұншығады, ə,
шырын сəтте бойында қан тасыған.
Біздер жаққа қарауға қымсына ма –
Ай жатыр шалқасынан.
Қызыққандай біздерге дала мына,
бара жатты құбылып шалғын-кілем.
Сонда сенің тұп-тұнық жанарыңа
тұтқын боп қалдым білем...
* * *
Жанарым талды-ау менің
заңғар шыңдардың басына қарауменен
(көңілім, шырқап қалдың ба – жадаулап ең?!)
Сол биіктің көз жетпес ұшар басынан
лапылдап тұрған мен ылғи алау көрем.
Мен даланың қызы едім,
жазықтығында жатпайтын көз ілер қара
(жазира менің жанымның өзі де дала).
Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді
өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана.
Биіктіктегі дауылдар
елестететін шығар-ау майдан сындарын
(мен де бір самғап көрсем бе – қайралсын жаным!)
Қайта келмейтін тұлғадай мынау жалғанға
қасқайып қалай тұрсыңдар, қайран шыңдарым!?
Ей, менің шырқау аспаным,
сұңғыла шыңнан өзің де бұлтармадың ба –
сүйгізіп жатсың шымылдық-бұлт ар жағында!
Мен білсем, сонау шыңдарға көзім жетпейтін
демігіп əрең жетеді-ау сұңқарларың да!
Мен төменде тұрсам да,
қияларға тігер жанарда мұң тұна қалмай
астан-кестен боп кеттім жыр құрағандай!
Тентектеу көңілім тынатын емес-ау енді
сонау заңғардың басынан бір құлап алмай!..
* * *
Сағыныш хатын жолдадым
сендерге, ауылдастарым.
Жаныма мəңгі орнадың,
жиі дауылды аспаным.
Думанды жерде жүрсем де,
аулымды аңсап жоқтадым,
қазандықтарда бір сөнбей
жалындап жанған оттарың.
Қарап жүрсіңдер – бұл мəлім
өзгеге мақтан етуге –
бар ма деп менің жырларым
газет пен журнал бетінде.
Мені атайсыңдар мақтанға
балаларға да жыр қылып.
Мен шіркін мұнда жатқандай
ұлы бір істер тындырып.
Жыл сайын, ауыл,
сендегі
қымбаттарыма оралам,
сақталған көңіл-тендегі
сырды ақтаруға оралам.
Есейген шақта бүгінгі
көп жайларды ұғып,
түсінген –
оралам, кішілігімді
қайта бір сезу үшін мен.
* * *
Мен жалындап өтемін
қариялардың қимайтын жас шағы болып,
балапандардың талпынар асқары болып,
ару қыздардың аңсаған арманы болып,
асқақ жандардың алаулы таңдары болып;
жиырмада жесір қалғаннын аңсары болып,
сүйіскендерге көз ілер таңсəрі болып...
Мендегі арынды екпінге
дауыл көрмеген
бишара жандар жатсын бір тамсанып өліп.
Мен келемін өтсем деп армандарды асып,
алаулы жаным арайлы таңдарға ғашық.
Жаныма серік болуға жарай алмайды
жүйрік жылдарға ілеспей қалғандар жасып.
Мен талпынбаймын
топастықпенен күн көрер тыныш тұғырға,
арам ойлармен сақтаман қылышты қында.
Жырларымды оқып құлшынсын оты бар жандар
уақытпен бірге өлмейтін бір іс қылуға.
Жүрмесе болды адамдар
тұлғамды менің шатасып басқаға таңып,
жасықтар жүрсін, кездессе, жасқана қалып.
Несіне жүрем əйтпесе қара жерде мен
жиырмасыншы ғасырдың жас шағы атанып!..
* * *
Сонау күздің бір күні
артымда менің қимайтын далам да қалып,
ақ əжелерден жолыма самал-бата алып,
кете бардым киелі киіз үйден аттап,
қиялдың жақұт моншағын жанарға тағып.
Далам менің,
жаутаңдап өзің жаққа,
сағынышымды өлең қып жиі арнайтынмын,
кеңдігіңді аңсап, сəнді үйге сыя алмайтынмын.
Көкжиегіңе көз жетпей үйренгесін-ау –
менің ылғи алысты қиялдайтыным...
Мен білмеуші ем
өзіңнен өзге ұлылар бар екендігін,
кейбіреулерге əлем де тар екендігін.
Таңданатынмын: жердегі жұрттың бəріне
бермейді екен деп неге осы дала кеңдігін.
Өсіп те қалдым бұл күнде
көлеңкесіне кеудемді құштырмай мұңның,
көре алмағандардың көзіне мысқылдай күлдім.
Сенің асқақтығыңмен –
тіршілікке тəн
пасықтықтардың бəріне пысқырмай жүрмін.
Күн сайын тəтті ұйқымнан
оятып мені беймаза қаланың таңы,
болашақ,
саған асығып барамын тағы:
қияларға шырқар қиялмен тəкаппар басып,
тұла бойымды тулаған даланың қаны.
* * *
Тағы да көктем келді,
бал сезімдерге, сал сезімдерге ұран сап,
өткінші ғұмырдай қылықтары мол бұлаң шақ!
Көн көңілдер де теңіз боп көлкіп-ау
ару қыз аңсап, жыр аңсап!
Бұл не деген құдірет!
Дүниені түгел құштарлық қаптап кеткен бе,
адамның бəрі мас болып жүр ғой от-демге!
Байырғы күңгірт күндер де қайтып келместей...
Жабырқап жүрген жоқ пенде.
Ұмытып жатыр жұмыр жер
өктем мезгілдің қалдырған қаза-қайғысын.
Жас көңілменен тыңдайды дүние май құсын.
Пенделер салған əжімдер басып, мазасыз жатқан
жер-ана,
көктемде неткен жайлысың!
Қыз-көктем келіп,
қызғалдақ қадап жүр белде,
қатыгездер де көз салады екен гүлдерге.
Табиғат шіркін адамды бір сəт сергітіп алады екен-ау
тірліктен қажып, қалжырап жүрген күндерде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter