Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  444


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ей, Құм Нарын, Құм Нарын

Қасиетті Нарын, құм Нарын,
киелі менің құндағым,
көңілімде таудай тұлғалым,
құмыңдай көшіп жүріп мен
анамның əнін тыңдадым
жоқтаған аяулы ұлдарын.
Жоқтауларды есітіп өскесін,
менің де мұңды жырларым.
Сенің де көлің тартылып,
тамырың тамсар нəр құрып,
бəйтеректей жыңғылың
жайрап жатыр жалт ұрып.
Түн қатқан кешегі өңшең ер
күйіңді бүгінгі білсе егер,
о дүниеде де мұң шегер.
Тағдыр деген – бір шебер,
əділеттей аппақ жандарға
ақтығы үшін құм себер.
Тұяғы таймас тарланға
тоқтышақ тақым салғанда,
билік құрғанда дүмшелер,
ғұламаны іздер жан бар ма?
Жау болып адам адамға,
безгенде сенен балаң да,
Адалдық жаяу ақсаңдап,
елсіз аралда қалғанда,
күн шығып айла
-амалға:
жылтың көз жылмаң Пысықтық
машина мінген заманда,
əділдігіңе кім сенер?
Орынбор маңы – жұртым
-ды –
аласыз асау жылқымды
байладым десем, кім сенер?
Еділдің бойы – ен тоғай –
жайлаған біздің ел талай
аймағым десем, кім сенер?
Бытқылда қалған Нарынды,
қыздары көркем, əні – үлгі,
жігерін жаудың құм етіп,
намысын елдің ту етіп,
егеулі найза қолға алған
атаны көріп оқ жонған,
жақсысын жұрты жоқтаған,
аталы сөзге тоқтаған,
ұл өсірген көргенді
ел еді десем, кім сенер?
Ей, құм Нарын құндағым,
сайғақ сыңсып сары құмда,
жылқың жусап шалғында,
сағым оранып қырларың,
жанымды тербеп жырларың,
құдіретті əнің, мұңды əнің,
жатушы едің алдымда.
Изенің мен жусаның,
мортығың мен қияғың,
майқаңбағың тушаның
майландырып құрсағын,
жүре алмаушы еді мал мұнда.
Дүрліккен думан дүниенің
көңілі бүгін даң
-дұңда.
Батырар балшық
-балдырға
тіршілік – тышқан тарғыл ма?
Күн алмасып, түн келді,
жыр алмасып, мұң келді.
Аруақтарын шақырып,
арыстандай атылып,
жауларын қуған ақырып,
батырлар туған бұл жерді
əулие тұтсам, шетін бе?
Өмірі өткен желдің өтінде
Исатайдан бір белгі
қалды ма жердің бетінде?
Қалса, бір барып түнейін,
қашса да мейлі үрейім –
күнəһарлығым баршылық:
жүрсем де кейде жаншылып.
Елімнен басқа ешкімге
бас имеуім де – қарсылық;
еркіндігімді тексізге
тəуелді етпедім бес күн де,
мұным да емес жақсылық,
тумысың əйел болғасын,
данышпан болсаң, ол да – сын.
Астамшылығым асты ма,
пірлерім əлде қашты ма,
мені де балдыр басты ма –
оңымнан Айым тумай жүр,
жазарым – балсыз, судай жыр.
Тазарар түрім жоқ менің
жанымның кірін жумай бір
Махамбеттердің рухымен.
Сенде де, Нарын, бұлт ірең,
менде де шаттық, күлкі кем,
сонда да келіп түнедім,
аруақтардан тілегім:
жасытпа жұртымның жігерін,
батыр ұрпағын сынарға
өшпейтін ардың отын бер –
алшаңдай басқан арсызды
айбарымен жасқап: «Отыр!» – дер;
даланың төлі – құлан да
бұрқақтан бұғып ығар ма?!
Қыранның көзі – шығанда,
пенденің ойы – құмарда.
Бойын алдырмай бұлаңға,
намыс бер, ой бер ұланға –
күндердің күні болғанда
шамырқанып шығарға,
арманда кеткен ер үшін,
адыра қалған жер үшін
ақырып теңдік сұрарға!
* * *
Өмір-бұлақ жыраққа қашады ағып,
жастығың да қалады тасаланып.
Адам сосын отырар ой кеміріп,
жақсы, жаман істерін жасап алып.
Жас жылдардың қалғасын тасы құлап,
кей қылығын еске алар ашынып-ақ.
Бармағын да шайнайды, өткен күннің
өкініші бүгіннен басымырақ.
Өкінеді, ойлардан тапса да ермек,
тығындайды тамағын жас та кернеп,
сонау күндер дəл бүгін бір оралса,
бəрін-бəрін басқаша бастар ем деп.
Күш кеткенде қолыңнан қарманасың,
көрінеді ақыл да, ар да басым.
Кеуіп қалған көңілдің арналарын
толтыра алмай, іздейсің жан дауасын...
Айналаңда жандар да тапшы бүгін,
айырмапсың досыңды, қасты бұрын.
Енді барар жан таппас дер кезінде
шығармаған мейірім, жақсылығың.
* * *
Тіл табудың жүрмін-ау таппай да ебін,
маған біреу шашады оттай демін:
«Қайғыма ортақ болмадың, сүйтпедің» – деп,
өз тірлігім, өз қайғым жоқтай менің.
Көңіл деген сұлуды жықпай жүрек,
кейде соны ойланбай ықтайды кеп.
Өкпелейді адамдар бір-біріне
мені неге түсініп ұқпайды деп.
Оралмайды өлгендер – жыла, мұңай,
өмір солай қашан да сынағы бай.
Қасіретімді бөліс деп міндетсиміз
қайғымызға басқалар кіналідай.
Жұрт жүргендей ісі жоқ, жаңғақ шағып,
қайғыға ортақ етеміз зарлап, талып.
Менің ішімдегіні біліп ал деп
дəметеміз, өзгеге салмақ салып.
Жырақтаса, көреміз жауыз жандай,
міндетсімей жүрмейміз, арызданбай.
Өз тірлігін қоя сап жұрттың бəрі
көңілімізді табуға қарыздардай.
Мені, жұртым, жазғырма, ессіз деме,
басқалардан өзге боп өстім неге?
Міндетсиді жұрт неге? Өтсем деймін
арқалатпай қайғымды ешкімге де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу