Өлеңдер ✍️
Парыз
Безініп ғапыл ғұмырдан,
сезбеуге кейде серт етем:
көп түйіп, бəрін ұғынған
жаныңа қайғы-дерт екен.
Арманды қуып алға ұштық,
ойнақтап өмір тарланы.
Ащы да таттық, таң құштық,
батырлық, байлық – бар бəрі.
Мұздатып бірақ қар-ызғар,
батырды бейуақ ой-мұңға:
киелі қандай парыз бар
əрбір перзенттің мойнында?
Жайылса бойға атақ-у,
сезімді былғар тосап-құм.
Парыз ба – «жақсы» атану,
қамын жеу ме əлде ошақтың?
Кейбіреу сөзге шымыр-ақ,
көкірегін қағып күмбірлер;
иығына елдің шығып ап:
«халқымды тіреп тұрмын!» – дер.
Ақиқат жолдан бұлтармай
күн кешкен адамдар үлгі:
тұяғы сынған тұлпардай
шарасыз кейде қажыр-ды.
Қорлыққа көніп, сынға да,
туған елінің ар туын
төбесіне тіккен ұл ғана
ары бола алар халқының!
* * *
Бір жоқтаушың бар сенің бұл ғаламда:
сен қандай да қиямет сында қалма,
мүмкін сынап-өмірде тағдырыңның
шуағы ылғи күлімдеп тұрмады алда.
Ауа райың ұшырмай түнергенде,
күле алмадың шаттанып күлер жерде.
Мүмкін жұртқа ұқсамас бітіміңмен
өзің ұнай алмадың біреулерге.
Мүмкін кейде жаныңды жасқады үміт,
семсеріңді сұққандай тасқа бүгіп,
сен еленбей, сөз алды сенен гөрі
өтімділеу, пысықтау басқа жігіт.
Жатырқады сені үйлер ақ шатырлы,
сен есілер мінбеде басқа тұрды.
Мүмкін біреу өзі үшін тырысады
сені əйтеуір мұқатып, ақсатуды.
Мейлі сені жатпасын көтермелеп –
қанға дарын қоспайды бөтен көмек –
мүмкін кейде налисың біреулердің
су құюмен қолына өтем бе деп.
Мезгіл-бұршақ жаныңа салып таңба,
қайратыңнан қайысып, налып қалма –
сені іздейтін аға бар тарыққанда,
інілер бар дем берер жабыққанға.
Бір ақиқат – бəрі бір жоғалмайсың
жоғалмайтын жоқтаушың халық барда!
* * *
Адамдар-ай сыртынан жылтыраған,
сырты жылтыраса да, құлқы харам.
Сол шындықты бүкпесіз айтсам болды,
бар ғаламның төнеді бұлты маған.
Кешірмейді ешкім де мына жайды,
жамандығын бетке айтсаң – бұ да қайғы.
«Жұрттың бəрін жау етіп қайтесің», – деп,
жанашыр да өзімді кінəлайды.
Бұл мінезім көп жанмен егестірді,
сырттай жамандамаймын мен ешкімді.
Ал біреулер жылмаңдап қарсы келсе,
көзің тайса, өсектеп кеңес құрды.
Бірақ олар жақсылар санатында,
шындықты айтқан – мен ғана қара тырна.
Жақсымен де тіл тауып, жаманмен де
жүрген адам – жұрт үшін дара тұлға.
Есі-дерті басының тұрмыс қамы
болса-дағы, сырт көзге қызғыш бəрі,
үкім кесер өзгеге, өздерінің
бастан асып жатса да қылмыстары.
Мəніңді өзгерт, қалсын тек түсің ғана,
салмақ түсер, өйтпесең, қысымға да.
Келем ала қарға боп жер бетінде
ақиқатты айтқаным үшін ғана.
* * *
Қасиет көп адамда табынардай,
(шығара алмай қалмаса бағы жанбай),
ең керімі солардың – жат біреуді
сүйіп, жақсы көруі жаны қалмай.
Күйіп-жанып ауырады, сенделеді,
талпынады жан дертін емдегелі.
Сүйте тұра ол жаннан талап етер:
«тиіссің, – деп, – сүюге сен де мені!»
Болмаса да о баста еш тірегі,
талмай жақсы көре алар естілері.
Тек адамдар өзінің сүйгенін де
міндет етіп кейіннен тепсінеді.
«Сүйем, жақсы көрмейсің сен неге?» – деп,
сонау сүйіктісіне елден ерек
бойындағы бар қарам қылықтарын,
былықтарын көрсетер ең керемет.
Ұмыт калып сезімнің сағым таңы,
(адамзаттың кешірген сан ұрпағы)...
Басқаға өзі биязы,
сүйгенінің
жанын осып, жүрегін ауыртады.
Ақиқатқа күн тумас айла қалмай,
өмірің де қайнаған тай қазандай.
Көк темір де құрышқа айналмайды,
от-жалынға өртеніп қайнап алмай.
* * *
Тыңдаңдар, дұшпандарым!
Шарықтап шырқау көкке ұшқанда əнім –
жай түсіп, күншіл кеуде қайнап қаны,
жылымшы тірліктерің жайрап тағы,
түнекке айналады-ау түс, таңдарың!
Кешсем де талай тылсым күй өткелін,
құлатпай, қолтығымнан сүйепті елім.
Бұған де сендер мені айыпты ғып,
қалай да қабырғамды қайыстырып,
мені бір сүріндіру – ниеттерің.
Өліңдер – бар болмысым осы менің,
жалғыз-ақ күш-қазығым, досым-елім.
Мың алғыс – өздеріңді ұмыттырмай,
жүрсіңдер торларыңды құрып, тынбай, –
мен болсам,одан сайын көсілемін!
Əнімнің айыбынынан жаны жасып,
көңілін күншілдіктің шаңы басып,
деп: «Неге тұрады ылғи талабы өрлеп?»
Ызадан тағы талып қалады-ау деп,
сендерге менің отыр жаным ашып.
Қайтемін көздеген оқ жықса бір күн,
жоқ менің жан сақтайтын қыш жамылғым.
өкінем (өз күшіме шүбəланып) –
жайы жоқ айқасуға тұра қалып
бейбақтар болғанына дұшпанымның!
* * *
Айналайын ауылдың адамдары-ай!
Сендер барда бұзылар заман қалай?!
Шуақ ұшып сендердің көңіліңнен,
ауатындай күн нұры маған қарай.
Көңілдерің сендердің, сенімдерің,
сенім сезіп, зілдерден жеңілдедім.
Төрт аяғын тең басып тұр бүгін де
өздеріңе сүйенген елім менің.
Өмір салған жанымның тоты қалың,
тек сендерді медеу қып отырамын.
Мен жалғыз түп жусанмын, тамыр жаяр
сендерсіңдер құнарлы топырағым.
Сүтін емген тіл менен жыр сендерде,
менен жырақ күн қақтап жүрсеңдер де,
сендер деймін аршитын, бұл тірлікте
қалсам кенет ұрынып мың шеңгелге.
Қарапайым қазақтың ауылдары-ай!
Айналасы ақ шаңдақ, дауылға бай.
Жан біткенге жаны ашып елжірейтін
жүректерің сендердің ауырмағай!
Кеуде тосар жауынға, дауылға да
сендерсіңдер, болғанмен дəуір жаңа,
ана сүтін сіңірген мəнімді де,
əнімді де сақтайтын ауыл ғана!
Жалғастырар бұрынғы, бүгінгі əнді
сендер барда, қаным мен тілім нəрлі.
Ешкімге де қажетім болмас, бірақ
ауыл болса, менде де ғұмыр мəңгі!
* * *
Дала – менің қазынам, жыр сандығым,
жыр нəрімен жер балқып, бусанды құм.
Сортаң жердің тұзы бар тамырында,
ашқылтымдау сондықтан жусан-жырым.
Жусан деген тəтті емес, қышқыл тегі,
қышқыл сіңсе, бойыңа күшті іркеді,
раушан гүл иісіне үйренгеннің
қытықтайды танауын, түшкіртеді.
Түшкірдің бе, ендеше, басқа бəрі,
(одан топас тұмау да жасқанады)
жусан иісі дертіңе ойран салып,
жаның кенет айыға бастағаны.
Өскен жерім – қу тақыр, күн жеген жер,
қаққылайды шаңыңды гулеген жел.
Жақтырмайды шындықтай, тыржияды
жусан иісі қанына сіңбегендер.
Жусан иісі өзімен шексіз бірге
(бұл қасиет бітпеген ешбір гүлге!)
мені мəңгі даламның қасиетінен
айыра алмайтынындай ешкімнің де.
Қырым болса, жанымның оты бапта,
мен ырзамын мінсем де қотыр атқа.
Тамыр жая алмаймын жусан сынды
басқа құрлық не басқа топыраққа.
Қуат берген, нəр берген жанымызға
қырмен бірге мəніміз, арымыз ба.
Жусанның да, менің де сонда, тегі,
сорымыз да жəне де бағымыз да!
* * *
«Басынан Қаратудың көш келеді».
Көш келсе – өмірімнің өшпегені.
Естісем елестейді көз алдыма
Қазақтың Ақтау, Арқа, Өскемені.
Тарихтың бойламадым өткеліне,
кей адам өткеніне өкпелі ме?
Ал мені ойлантады туған жердің
бүгінгі көк тасы да, бөктері де.
Жылытпай бауыр көңілі, дос демі де,
ілескен қазақ өмір көштеріне.
Көңілдер көлшіктеніп, жайлау қашып,
қалғандай куə болып Көкше, міне.
Қала өсіп Қаратауда, сана да өсіп,
барады əлі күнге дала көшіп.
Көш – өмір қозғалысы. Тек бүгінде
дауысы бозтайлақтың барады өшіп.
Күтумен еркіндіктің таңын алдан,
жұтыпты сол көштерді сағым-арман.
Соңында Қаратаудан көшкен елдің
жаныма мұң сіңірген əні қалған.
Шапқанмен шырқ үйіріп тағы жалған,
көштердің жаны қалған, қаны қалған.
Көшермін мен де мəңгі тек ізімнен
ұрпақтар шырқап салар табылар ма əн...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter