Өлеңдер ✍️
Жер сөйлейді
Ей, ақыным!
Аузыңды ашып таңданба,
бүгін мініп тұр екем деп тарланға,
бүгін тымық күн екен деп бар маңда,
Қызбел таудың қыз көркінің ізіне
көзің сұғып алданба!
Көзіңді тік көне күнге, жалғанға:
анау жатқан екі бірдей қанды арна –
аңыраған «Үлкен қайғы» өзені,
аңыраған «Кіші қайғы» өзені,
қақ айырылған өзегі –
осыларға оймен қарар жан бар ма?
Неге алдымен «Қайғыларға» сүңгиді
Сарыарқаның қырандары самғарда,
Қомданғанда арманға?
Қызбел қалай жүрегіне жас тұнбай
қасіретсіз жатсын жай –
төбесінде ызың қақса жат сырнай,
өткеніне, өр күніне бас бұрмай,
жүрегінің шыңғырысын тыңдамай,
демей жəне бұл қалай,
тұрғанға мəз тас сынбай –
темір тордың ішіндегі тоқтыны
қызықтаған қасқырдай.
Ел қайғысын, жер қайғысын арқалап,
ғұмырында таба алмастан сəл тағат
Асаңқайғы өлгенде,
халықты аза көмгенде,
қасіретке оранғанда шартарап,
қазақтардың көз жасынан
«Үлкен қайғы» пайда болған жалғанда.
Асан өтті. Одан қалған жас тамыр –
Абат сынды асқақ ұл,
ойы – терең, өр кеуде,
ажал оған айдаћар боп төнгенде,
елдің жасы айналғанда көлдерге
«Кіші қайғы» пайда болған, таңданба!
Оған куə – мына Қызбел, мына мен,
Қызбелдегі жусан куə, қынамен.
Содан бері қайғы жасы тартылмай,
күрсіністер сарқылмай,
жан күйініп жылап ем.
Тартыстарға толы ылғи да бұл əлем.
Елім деген ұлдарым
жалаң төсін қарсы қойып сынға мың,
қайсарлығы қыштан соққан қамалдай,
Заманынан лайықты баға алмай,
жанар кезде жанартаудай жана алмай,
туған жердің бостандығы – бар несіп,
осы жолда рахаттан баз кешіп,
боран құшып, саз кешіп,
қыршын қаны «Қайғыларға» құйылған.
Кетер ме олар көкірегімнен, миымнан...
Ал сен болсаң,
сағымдарға тамсанып,
кеудемді дəл құрсағандай əн, шабыт,
маған бүгін төгілгендей барша құт –
мəз боласың,
ақымақтай құр мидан,
төбесінен қойып қалсаң,
құлап жатып ыржиған,
Шаттығыңның қадірін біл, ұланым!
Бірақ сенен сұрарым –
ұмытпағын қан, қасірет бұлағын.
Оған куə – Қызбел,
Мен,
оған куə –
анау Ай мен мына Күн.
* * *
Ақ боз атты келеді зулап, ағып,
соңына ерген ақ түтін шудаланып.
Күн тұр Жердің шетінде
дүниені
қып-қызыл нұрға малып.
Тұяқ тілді жол тінін тізбектелген,
тулап кетті жүрегім (күз жеткенмен)–
елеңдедім сен бе деп
мұнда мені
шыдамай іздеп келген.
Іздеп келген қарамай қамалдарға,
қиялилау үмітке шарам бар ма:
жігіт сондай ер мінез болған дейді
баяғы замандарда.
Асты зулап, не пайда, дөңнен өтіп
(үміт қудым тұрғандай өңге жетіп)
зырылдаған күштінің диірменіндей
даланы дөңгелетіп.
Алдында – алтын көкжиек, қашқан дала,
таба алмайсың басқа бір жасқар қара.
Шіркін, ақ боз жүйріктің құс екпінін
шектейтін аспан ғана.
Еркін самғау шыңы деп иен тірліктің
Сол аттыға қызығып желпіндік тым,
Ал мен үшін мақсатсыз жəне сенсіз
мəні не еркіндіктің?!
* * *
Көзіңді жаулар
жап-жасыл
бидайдың толқын жас көгі.
Шаңдатқан бабам сан ғасыр
даланың бүгін басқа өңі.
Қимайсың
нанның əр дəні
бесікте жатқан балғындай,
жаны жоқ Жердің жанды əрі –
қоймайды сені таң қылмай.
Адамы қандай жаны асыл,
тамырды термен суарған.
Осында-ау деймін шамасы
жеткізбей жүрген қу арман.
Дала да бейне көк аспан
жетпейді қолым сермесем.
Мотордың үні жон асқан.
Жұлдыздар көкте. Жерде сен.
Еске сап сəби құндағын
дала
алтын шашу шашардай.
Кең жерде мынау
тұрғаның
аяғыңды аттап баса алмай.
Құлағын тігер кешкі үнге
шідермен шапшып қарагер.
Тілі жоқ – сырын ешкімге
айта алмай жатыр ана-Жер.
* * *
Арқаның жігіттерін-ай!
Найза жанарда шоқ тұнып,
қадалған жерін от қылып,
тəкаппар басқан арулар
(ару бар жерде жану бар)
қалады өртке соқтығып.
Ақ күміс діңгек ағамен,
ініде мерей-нұр үстем.
(Тірексіз талай мұң ішкем).
Əйел де сұлу ол барда,
жері де толы қорғанға,
ақсақалда да тыныс кең.
Көрдім де жайсаң жандарды
көсемі болар елдің де,
есімнен тандым мен мүлде.
Жасқаумен жерлеп жігерін
ақсұңқар құстың түлегін
ардақтай алмай келдім бе?..
Асқардай алып ел жүгін
арқаға салып көтерген,
намысы бірге мекенмен.
... Лақтырып жырдың жылымын
қолынан ұстап бірінің,
кетіп-ақ қалсам ба екен мен!
* * *
Ғазиза Жұмекеноваға
Əн қандай, əн болмысты қыздар қандай –
тоң жібіп, əуенінен мұз жанғандай.
Сырлы саз Сарыарқадан ескен сайын
барады көңілдерде ызғар қалмай.
Сыры бар бұл əуенде жүректердің,
мұңы бар оралмаған білектердің.
Емдей түс жүрегімді əн нəрімен –
ой қазып, ортаңызға жүдеп келдім.
О бастан əн өрбіткен нұр босаға
əлі де өнерлімен сырласа ма,
бас иер ұрпағына əн серкесі
Ақанның өзі келіп тыңдаса да!
Даланың от мінезді өрт тірлігін,
кеңдігін, нəзіктігін, өткірлігін
паш етіп киіз үйден шалқыған үн
барады желпілдетіп көк түндігін.
Жердегі əр ырғаққа əн ілессе,
даланың ұласардай таңы кешке.
Мені де əн баурайды баяғы бір
сал мінез шақтарымды салып еске.
Түн. Жайлау. Əуен жанды арбайды анық,
тыңдайсың қыз-жігітті таңдай қағып.
Күнгейлі, көлеңкелі кең дүние
шынымен баратқандай əнге айналып!
* * *
Машиналар зулайды – жолдар қашық,
қырманда басылмайды əн.
Көз іле алмай дүбірден жондар жасып,
тоғайлар шашын жайған.
Айналғанын шөлдердің баққа, нуға
бидайлы тыңнан ұғам.
Дəн-балапан сапарға аттануда
даланың құндағынан.
Ақ маржанға толтырып, жер жанарын,
самғайды батыр Уақыт.
Тракторлар шарлайды кең даланың
кеудесін қақыратып.
Елең емес (əзір ол сең кешуге)
арқаның түнгі ызғары,
тіл қатпайды адамдар кеудесінде
жарқырап жұлдыздары.
Сəт жоқ ойлар –
дəнді алмай жиып тəмам –
əр жайды ақылға сап –
табиғаттың далаға бұйыртпаған
тауларын жатыр жасап.
Төзімді олар дəн егіп термен жерге
білмеген бел шешуді.
Көрместей боп жүрсем де, сен келгенде
көнбісті мен секілді.
* * *
Ақ жаңбыр – жалғыз жерде үміт,
жауар ма шіркін жарлықпен.
Аспанға қарай телміріп
тілейді жаңбыр жан біткен.
Жалғыз-ақ арман көңілде,
қараймыз көкке қалғымай.
Семгелі тұрған өрімге
себелеп өтер жаңбыр-ай!
Табиғат тұрды талма көк
ұлылық сырын ұқтырып,
Біз шіркін жүрміз бар ма деп
адамнан асқан мықтылық.
Нəр тамбай көктен, жарықтық,
тартылды неге желіні.
Сусаған дала талықсып
кезеріп кеткен еріні.
Себердей ажал шалғынға
өртейді жерді отты рең.
Табиғат-қазы алдында
мықтылар деген жоқ білем.
Күрсінді дала арманда
(шырағдан үміті жана алмай)
жаутаңдай қарап жандарға
жылылық күткен адамдай.
* * *
Түн.
Аспан – жасыл жайма.
Жұлдыз – ақық,
бұлақ-қыз шолпы таққан сылдыратып,
көк – заңғар.
Дала – шалқар.
Бұл сұлулық
тұр менің жүрегімнен жыр құлатып.
Кеңдіктен кете алмастай құлан асып,
көкжиек – көз ұшында,
Бірақ ашық.
Тұнжырап тұман тұтса дүниені,
қалады адам түгіл Күн адасып.
Торғын түн.
Көкте, жерде – түн шеңбері.
Тасалап жұлдыздарды бұлт өрмеді.
Əрқайсысы өз нұрымен тұр жарқырап
Шолпаны,
Қарақшысы,
Үркерлері.
* * *
Қарсы алдыңда отырмын балқып жаным,
сезім тұр тасығалы,
жанардағы найзағай жарқылдарын
кірпіктер жасырады.
От ұшқындар шашырап жанарыңнан
көзімді тайдырады.
Көңіл – толқын алқынып жағаны ұрған
екпіні айнымалы.
Мен білмеймін: əлдебір қорқу бар ма,
ерік жоқ санамызда.
Əлде мынау аппақ жал толқындарға
көміліп қаламыз ба?..
* * *
Екі бөлме. Қос төсек
екі жақта бір-бірден.
Екі жүрек шоқ көсеп,
қылғынады құрғыр дем.
Екеуі де от басып
дөңбекшиді тыншымай.
Шыдамдарға шоқ шашып,
күлімдейді қырсық Ай.
Алда – құз ба, ғұмыр ма –
жатсын оны кім ұғып.
Ызыңдаған шыбын да
бұрышта отыр тығылып.
Сықыр етсе бірдеңе,
аспан құлап кетердей.
Айдын кезген түн – кеме,
əрбір бөлме – шет елдей.
Екі бөлме тынады
бір-бірінен үн аңдып.
Бірі ұқпайды түк əлі,
біреуінде – құмарлық.
Екі елде де – аң-таңдық.
Келіссөз бе? Бұл да ауыр.
Шекараны талқан ғып
кетер ме екен бір дауыл?
* * *
Құлақ аспай күндегі мұңды үніне,
лапылдайды көңілдің от құмары,
екі жүрек талпынып бір-біріне,
сезім-сең соқтығады.
Алақандар кездейсоқ тіл қатысып,
қайнау мен суу жайлы
заңдар қайда – қалды ма қынға түсіп –
саусақтар дуылдайды.
Ерік бермей ту сезім сылаң ойға,
есті де таптай салып.
Тулап жатыр толқындар тұла бойда,
тамырлар аттай шауып.
Жүрек арай таңды да, əнді ұғынбай,
көрмейді айналаны.
... Қиқулары – көктемнің жаңбырындай,
көңіл де – бəйге алаңы.
Алып-ұшқан сезімдер
быт-шыт болып қалды сеңге соғылып.
өзің емде, өзің кел –
сүлдерімді сүйрелеп жүр сол үміт.
Жүрек-темір жылымай,
бұрыңғыдай жүгіре алмайды асығып.
Күл-талқаны шыққан бейне шыныдай
сезім кетті шашылып.
Кесел келді қайдағы –
сұқ өтті ме, тіл-көз бе əлде күңкіл ме?
Ең жаманы – быт-шыт болған айнаны
қайта құрау мүмкін бе?..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter