Өлеңдер ✍️
Айша Бибі
Қанша өліп, қанша тұрды жырлы дала –
жадына жазған жалғыз Күн-ғұлама.
Бабамның куəсіндей
«Айша бибі»–
қадалған құба жонға бір мұнара.
Қандай жан?
Сезімі үшін татты ма азап?
Ал өзім елестетем шақты ғажап:
сезімін, сертін мəңгі паш еткендей
құлжа атып, қыран салған атты қазақ.
Сол жігіт құлай сүйген ғашығы өлген,
күн сайын көру үшін жасыл өрден,
күңіреніп қоңыр күзде
жүрегінің
жасымен мұнараның тасын өрген.
Күнделік дырдуларда тоят бардай,
жүргенде жүйке жонбай, ой ақтармай,
қыпша бел, құралай көз Айша шығып
қандарды қалғып жатқан оятқандай.
Тұрғанда көл тартылмай, жер кішірмей,
шапқындар солқылдатып жел күшіндей
сүртсе де дала өрнегін,
сен қалыпсың
мəңгілік махаббаттың белгісіндей.
Өмірдің жолдары ма, тоңдары ма –
құрғандай күстендіріп тоң жаныма...,
Тəуба етем, саған қарап,
шын сезімнің
əйтеуір, Жер бетінде болғанына!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter