Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  794


Автор: Фариза Оңғарсынова

Реніш

Адам емес адамдар, бүрге білем,
тесік тауып кіреді бір жеріңнен.
Жайбарақат қоймайды сені əйтеуір,
ешкімге де сүйкенбей жүргеніңмен.
Несібеңді жүрсең де тегін жемей,
тарихыңды талдайды не бір көмей.
Ойыңды айтсаң, бұзықсың, үндемесең
жабылады: «Отыр, – деп, – неге үндемей?!»
Мəн тапсам деп тірліктен тырағайлы
еңбек етсең, жұрттарға бұ да қайғы.
«Жанын бағып үйінде отырмай ма,
не жетпейді бұған?» – деп кінəлайды.
«Көкте – жалғыз, ол неге құламайды?»
деп біреулер тепсініп сынар Айды.
Аспан Жерге түскендей ерсі оларға
ұғымдарың ұят пен күнə жайлы.
Мəні өзгерді тірліктің сор далада,
адамша өмір сүрем деп қорғалама.
Малша ойсыз өткізсең ғұмырыңды,
рақатқа батасың сонда ғана.
* * *
Кейбір ісім дұрыс та емес шығар,
қылығым да көрінер егесқұмар.
Қайткенде де қанымда жоқ нəрсені
істеймін деп жайым жоқ кеңес құрар.
Сырығындай сыңарсыз көктеректің
қақиюмен көп жанды өкпелеттім.
Жаман көрсем – жасырмай, пайдам үшін
жоғымды бар, барымды жоқ демеппін.
Өкпелеткен шығармын жақсыны да,
мүмкін содан шықпадым бақ шыңына.
Жақсы болып көріну – мақсат емес,
ар аттамау – мен үшін басты мұра.
Жүргеніммен тайсалмай, асқақ ірең,
өмірде тек арымнан жасқанып ем.
Талпынбадым тақтарға, тыңдамадым
жүрегімнің үнінен басқаны мен.
Көзімді арбап алдағы арман-ағын,
тастарына соғылдым жар-жағаның.
Жүрек кейде жаңсақтау басқан шығар,
жүрегімді мен бірақ алдамадым.
Ішек-сілемді қатырып күле білдім,
қорсылдамай жыласам шын егілдім.
Қылмысым да бар шығар, ақпын бірақ
мен алдында арым мен жүрегімнің.
* * *
Өмірдің желе-жортағы
толтырып шаңмен қолқаны,
тілдегенменен ортаны,
адамның бəрі өлердей
жалғыз қалудан қорқады.
Тұрса да мəңгі шам жанып,
самайы терлеп, сандалып,
біреуді іздейді қарманып,
жалғыз қалғанда
сөнердей
дүниедегі бар жарық.
Жалғыздық бейне жаман бай,
қамшымен қақтап сабардай,
мысық пен итке адам бай,
жабырқау жалғыздығыңнан
құтқарып солар қалардай.
Талпындың, адам, қашанда,
көппенен ғұмыр жасарға,
қаншама тыпырласаң да,
қолында қатқыл құрығы
серігің тұрар тасаңда.
Жан-жағың толы жас бала,
жақының, жарың, жақсы аға,
кенде еместейсің досқа да,
бəрібір, адам, құлсың сен
жалғыздық атты патшаға!
* * *
Жылқы десе – Күн құлап жанарына,
жүйрік міну – қазақта баба мұра.
Тұқымымда, халқымда ешбіреудің
болған емес саудадан хабары да.
Сол дəстүрдің, сол қанның бұзған бəрін
мен екенмін.
Ойласам, сыздар жаным:
алыс-беріс, саудамен күнелтіппін,
бүгін сезіп отырмын ызғарларын.
Адам емес, мал емес сатқандарым,
байлық жиып, бармын деп мақтанбадым.
Қасиетті, қастерді саудаға сап,
енді өзімді келмейді ақтауға əлім.
Сезім менен сенімді саудалаппын,
содан тура туардай алдан ақ күн.
Жақсы көрсе өзімді – мен де құлап,
мені жақсы көрмейтін жанға жатпын.
Мейірімді, сыйлауды сатып алып,
борышқа да батамын ақыры анық.
Сезімімді өзім де айырбастап,
жіберіппін өмірді сахна ғып.
Жер бетінде көп дейміз неге қырғын,
мен қаншама жұрт қатал деп өкіндім...
Саудаласпай жарығын шашқан Күнге
дəтім бармай қарауға мен отырмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу