Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  172


Автор: Фариза Оңғарсынова

Арман

Жұлдыздай шашыраған қалың елім,
Қалың ел қашан көрер таң іреңін?
Жаншылу, бейнет көру, бірлік кету –
Жанымды жейді осының бəрі менің.
Не қайыр нұрын шашқан таңнан маған,
өлгелі жатса алдымда саумал далам.
«Бозторғай қой үстінде жұмыртқалар»
Деп талай армандапты аңғал бабам.
Жаралы далам жатыр ыңыранып,
От құсып, шөлден қатып, дымы жанып.
Сырт бүтін, ішің түтін, тіл тістеулі –
Барады бізде осылай ғұмыр ағып.
Кеш мені – ұрпағыңды, қайран бабам,
Балаңда бас көтерер жай қалмаған.
Өртенген шалғыныммен бірге өртенем –
Күлкі мен шаттық келсін қайдан маған?!
Жанымды жегідей жеп қуарған маң,
Селеу боп қара шашым, суалды арман.
Ұлдары ту көтерер өз халқыма
Ұлыстың ұлы күні туар ма алдан?
Иншалла!
* * *
Кейбіреуге қараймын:
желпілдейді түндігі;
керісінше талайдың
қыбыр-жыбыр тірлігі.
Маза да жоқ өзінде,
емінеді отқа құр;
пəтуасыз сөзінде
дəн түгілі – жоқ тамыр.
Дариядай
күндегі
олар кешкен тіршілік,
өзі-өзінен жүргені
батып-шығып тұншығып.
Ауырса да, көремін,
ыңырсыйды емделмей,
ақыр заман дегенің
тек соларға келгендей.
Жақын кетті жөнімен,
достарын да көрмедік,
жатқан да жоқ онымен
шаруасы жөнделіп.
Жүрегің де жаншылар,
ғұмыр өтіп осылай.
Күйбеңіңнің таусылар
күні бар ма, досым-ай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу