Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  185


Автор: Фариза Оңғарсынова

Құттықтау

Өмірдің мылжыңы көп, өлеңі кем,
жігіттің тауы сирек, төбе кілең.
Өмірге келген күнің құтты болсын –
шашамын жыр-шашуды өлеңіммен.
Ортаңа жастайыңнан сүйіктісің
табиғи мінезіңмен, өнеріңмен.
Бастай бер жігеріңмен алға еліңді
батырдай қалған сонау көне күннен.
Адамы бұл заманның жынды кілең!
Жүгірер мансап десе қылғынумен.
Сен болсаң, жағынбайсың, жалтармайсың,
жүресің қарапайым шындығыңмен.
Сан ұлттан тілеулестер, бұл да ауылың,
қадірлер қаршығасын, қырғауылын.
Ешкімге ұқсамайтын болмысыңмен
жарқылдап биіктерде жүр, бауырым!
* * *
Қасиет көп адамда табынардай,
(шығара алмай қалмаса бағы жанбай),
ең керімі солардың – жат біреуді
сүйіп, жақсы көруі жаны қалмай.
Күйіп-жанып ауырады, сенделеді,
талпынады жан дертін емдегелі.
Сүйте тұра ол жаннан талап етер:
«тиіссің, – деп, – сүюге сен де мені!»
Болмаса да о баста еш тірегі,
талмай жақсы көре алар естілері.
Тек адамдар өзінің сүйгенін де
міндет етіп кейіннен тепсінеді.
«Сүйем, жақсы көрмейсің сен неге?» – деп,
сонау сүйіктісіне елден ерек
бойындағы бар қарам қылықтарын,
былықтарын көрсетер ең керемет.
Ұмыт қалып сезімнің сағым таңы,
(адамзаттың кешірген сан ұрпағы)...
Басқаға өзі биязы,
сүйгенінің
жанын осып, жүрегін ауыртады.
Ақиқатқа күн тумас айла қалмай,
өмірің де қайнаған тай қазандай.
Көк темір де құрышқа айналмайды,
от-жалынға өртеніп қайнап алмай.
* * *
Отыр менде екі адам.
Мен қайткенде екеуінен кете алам?
Кімдер бұлар,
мен өзім де білмедім,
ал, əйтеуір, екеуімен бір демім,
өткіземін бірге күн,
түндерде де біргемін;
бірге жатып, бірге тұрам,
қайталаймын үндерін,
жылағанын, күлгенін,
солар болып біреулерді тілдедім,
екеуінсіз ғұмырым да тұл менің.
Əйел заты біреуі:
дір-дір етіп жүрегі,
қара көзін жаудыратып тігеді,
қуанғанда дəл сəбидей күледі,
мейірімі – Күн елі,
нəзіктігі – дертіңіздің бір емі;
жер бетінің бар пəлесін сезініп,
қайғы шегіп езіліп,
адамзатқа тілек тілеп көз іліп,
бала десе – басқа арманнан безініп,
ана-құстай түледі,
үстінде нұр мейірімі, тілегі.
Екіншісі – ер кісі:
байқауымша, Толағаймен тең күші,
заманының беделдісі, белдісі;
жанары оттай күйдірген,
əйел затын ғашық еткен, сүйдірген.
Жек көргенде жалғаныңды төңкеріп,
жақсы көрсе, қара тасты идірген.
304
Елі десе, жалындайды жанында от,
ұғымында: дəл қазақтай халық жоқ –
дүниеде одан асқан дарын жоқ.
Бұл екеуі – мəңгі-бақи от маған:
екеуін де қуайын деп оқталам,
оқталғанмен тоқталам:
тоқтайтыным – екеуінсіз
ғаламда
мен өзім де жоқ болам!
* * *
Кей адамда қылық жоқ аяр аса,
бойы биік бақандай, ойы аласа.
Болмысымен тұру жоқ,
жүре алмайды
беттерін де, мəнін де боямаса.
Қалса болды өзінің амалы ақсап,
өсектейді басқаны қара бастап.
Жұрт алдына шығады сүйтіп өзі
əшкерелеп, өзі өзін жалаңаштап.
Күншілдік те дертіндей қышыманың,
көкдəрісіз қоймайды қысыр əнін.
Сезбейді осы қалпымен
тек өзінің
абыройы дауылға ұшырарын.
Ондайлардың ісі мен ақылы арам,
өздерінен жоқ басқа мақұл адам.
«Мен жақсы да, ол – жаман» – ариясы
жəне өмірде түспейді сахнадан.
Бірақ олар кеңейтіп жиі өрісін,
тауып ала қояды сүйенішін.
Олар солай.
Оларға қол соғатын
жандар үшін өртеніп, күйеді ішім.
* * *
Өсек айтып, əркімнің сөзін бағып
жүргендерден жүдеймін көңіл қалып,
керемет деп жүргенім аласарып,
отырамын өзімнен-өзім налып.
Шуақтарға шомылып шапқан бұлақ
секілдімін,
сенімнен тапқам мұрат.
Күн дегенім жұлдыз боп шығады да,
өз-өзімнен жүремін аттан құлап.
Қиялыммен күмсəндап жасап алған
армандарым көжектей қашады алдан,
қалмайды олар кенеттен аласарып
бір жамандық өзіме жасағаннан.
Зұлымдығын олардың көргенім кем,
мені қадірлеуіне сенгеніммен,
шарт сынамын сезгенде
болмыстарын
шырматылған пенделік шеңберімен.
Кесек мінез, кеңдіктер – ер нышаны,
елі десе ойланбай сең құшады.
Сəл ұсақтық сезсем-ақ,
ондай жанның
қасиеті мен үшін желге ұшады.
Аңсай күтіп өтсе өмір, сарсаң күнің,
ол да бір дерт жұқартар жан саулығын.
Адамдардың бəрінен өмір бойы
кеңдік, өрлік күтуден
шаршаулымын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу