Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  136


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тою

Кекірмесе кеткендей селге салы,
тоюды ойлар адамның ең нашары.
Қарны тоқтың санасы тұманданып,
сезімін шел басады.
Жан-жүрегін май емес, намыс емдеп,
нұрдай жүйрік қиялы алыс өрлеп,
бірде тоқ та, бірде аш жүргендердің
басы – айқын, жаны – сергек.
Құлқын құрты құтырса, басар қайғы,
асағанша жай таппай қашан майды,
майлы жүрек, май балтыр, майлы тері
қарыннан аса алмайды.
Тоқтық жетіп түбіне ғұмырлардың,
жердің батпақты орына ұрынды əркім.
Тою – күнə, қылышпен қырыққандай
қанатын шыбын-жанның.
* * *
Жанашырым жердегі,
қанша күттім – келмеді,
тіршіліктің сеңдері
кетті ме екен ықтырып?
Жанарыма шық тұнып,
көңілді быт-шыт қылып
құлазыдым.
Мықтылық –
төзе білген сындарға.
Түңілем бе жырдан да?
Ол салмаған мұң бар ма,
онсыз шаттық, сыр бар ма?
Безгені ме жырдың да?
Құлағандай құрдымға,
баттым тағы бір мұңға –
жатыр қандай сыр мұнда –
жұрдай болдым бəрінен:
Өр теңіздің ағыны ем,
шөл даланың сағымы ем,
жанмын деуші ем жаны кең.
Айтылмаған қанша əнім...
Құлқының мен мансабың,
пенделігің, аңсарың –
шын өнерге сор бəрі.
Шырмап тірлік торлары,
киелі құс қолдағы
жырақтаса, менде де
бір асылық болғаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу