Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  436


Автор: Фариза Оңғарсынова

Өнер мен саясат

Тылсымында өлер Күн
билік – дерттің орманы.
Саясат пен өнердің
қиыспайды жолдары.
Толастамас тумайтын
саясаттың толғағы,
уын шашпай тынбайтын
əб жыландай ордалы.
Босатпайды бір түссең,
темір тырнақ торлары:
озбырлықтың құрты іштен
сезіміңді сорғаны.
Сезім өлсе, қалмайды
адалдықтың бір тіні –
жұтпадайын жалмайды
саясаттың құлқыны.
Өнерге жат биліктің
иіс майлы қолдары.
Саясаттан сый күттің –
бейшарасың тордағы.
Қанатыңның жоқтығын
білмеу үшін мынау ел
қолда билік – оқ-мірің –
қанаттыны жыға бер.
Қорғансыздың жаны – гүл –
төзім тозып түбі өлер,
тіріледі бəрібір
шындық құйған шын өнер!
* * *
Өзімді өзім қайраумен, тістенумен,
қуат сорып, ұшқын ап іштегі үннен,
табанымнан тілінген шөңге жұлып,
сəйгүлік-күшке мінгем.
Тынымымды түндерде қамшыладым,
қыл бұраумен шыңғырттым жан шыдамын.
Жығылғанға жүгірдім елеместен
жүрегім шаншығанын.
Жаны кірсіз, жас қиял – бұла халық,
көрсетсем деп соларға бір ағалық,
өнер-құздың мұнарсыз биігіне
бастадым шырақ алып.
Жүрегімді-жырымды алау қылып,
тартынбадым қалғанша шамам құрып.
Жараспады жолымыз жандарменен
дауылда қалар бұғып.
Шатқал шыңның қауіпті-ақ от кемері,
сын сапарым жат қылды көпке мені!
Дақпырттарға бас бұрмай арт жағымда
аз ғана топ келеді.
Көз жасыммен алмасып күлкім, демім,
бұрқақ жолмен жүруден іркілмедім.
Түбі əйтеуір мəңгілік бір күнгейге
жетуім мүмкін менің.
* * *
Көктем күліп келеді, көктем күліп,
жер қызулап, тас терлеп, бөктер жібіп.
Құбыланың самалы сыбырлайды:
«Сен де жаңар, – дегендей, – өткенді ұмыт!».
Жан сезімін түнекке тасаламай
табиғатқа қызуын шашады арай.
Балғын бүршіктерімен сұлу қайың
толықсиды босанған жас анадай.
Жоқ əлемде тірліктен басқа мұра
тырмысады жабысып тасқа қына.
Қадалады үміттей ине-сəуле
көңілімнің жаңбырлы аспанына!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу