Өлеңдер ✍️
Жыр анасы
Мариям Хакімжанова жайлы триптих
1
Жастықпен сезбей түзде шеңгел барын,
дүниенің таңдамаппын кең жолдарын.
Қиқулы жыр-жарыста
қандай жақсы
алдымда сен болғаның!
Қашан да тартады азап алғашқылар,
ол алған биіктерге əр жас құмар.
Арман жоқ, арманы асқақ ұрпақ болса
жолыңды жалғастырар.
Таңдайға татығандай жорық демі,
алысқа алып қашты көңіл мені:
бет алдым – сен көріндің шамшырақ
боп теңіздің төріндегі.
Жас арман алып ұшсын, көкке өрлесін,
ақиқат – сендік жолмен шектелмесім.
Көрсеттің алынбастай арман шыңның
алғашқы бет-пердесін.
Қай жерде осалдығың, білместігің,
көрсетті бəрін маған нұр кескінің.
Жол – басқа.
Мені өзіңмен жақындатар
тағдырлас, үндестігім.
Арманды сенен шыңдап жарыс-сында
мен енді жеке тартам алыс шыңға.
Ұстайтын жеңіс туын – өзің
егер арманмен табыстым ба.
Бел байлап, қаныққандай жол, сынға əбден,
табысам тылсым кеуде өр шыңдармен.
Кетем мен тың жерлермен –
сен үйреттің
жүруді жолсыздармен.
Айтқызбай іштей сезіп, жайды ұғасың,
азабын біздің жолдың, сай, жырасын...
Шағылса менің тауым
алғашқы боп
бір өзің қайғырасың.
Оп-оңай жеңіс бар ма, жарыс бар ма,
соғады кейде жарға ағысты арна.
Анамдай қуанасың,
қолым жетсе
аз ғана табыстарға.
Жас толып кейде, қайта елтіп жанар,
жүргенде шуақ берер, серпінге алар
дүниеде біреу бары жақсы екен-ау
алдына еркін барар.
Алғашқы жыр-арманның мұнарасы,
ұмтылар саған елдің бұла жасы.
Сын жолда менің барлық жеңісімнің
өзіңсің жыр-анасы!
2
Тұрғанын жыр асуда бір шың дара
мақтан ғып білсін кəрі, білсін бала.
Самайды күннен-күнге шық шалады
жеңе алмай жылдар жүгін жүрсің бе, ана?
Даланың дала кезгі қызғалдағы,
өңіңе өмір шимай сызған ба əрі?
өрнегін нұр дидарға салды ма əлде
жіңішке қыз жолының құз-жарлары?
Көздерің мұнар тартқан.
Шақта балғын
нұрлы еді таңданардай тоқтап əркім.
Сызданған салқын қабақ, мұз көңілдер
ұшқынын жасқады ма от жанардың?
Тағдырдың төтеп беріп салмағына,
жас төктің, жеттің əсем таңға мына.
Біреулер өр тұлғаңды көрмей ме əлі
келмесең «мен бармын» деп алдарына?
Шат заман, байлық кешіп өрлесе елім,
жоқ сенде өзге бақыт, өзге сенім.
Жүйрік пе, жүлдегер ме –
сен келгенде
ығыссын –
орының ылғи төрде сенің!
Халқыңның жетеледі сенім таңы,
қайыссаң, қайрат берді елің тағы,
Шарт емес қос-қос перзент өргізудің
ана деп ардақтаса ел ұрпағы.
өнердің құдіретіне табынса адам,
арнайды ғұмыр жолын, арын соған.
Халқымның ардағы деп
сыйлар ем мен
даңқты, атақты да – бəрін саған.
Кешкенмен талай күйді халқың мына,
көгінде жыр тынды ма, əн тынды ма!
Жүрмейді саған
кейбір заңдылықтар
өлмесең, өрлетпейтін даңқыңды да.
Халқымның əн-жырындай тылсым ағын
жасайды жүректерде сыршыл əнің.
өскен ел, өр ұрпақтар мақтан етер
қазақтың Мариямын – жыр шынарын!
Шалқы, қазақ даласы, шалқы бүгін!
Кетсін тағы əлемге даңқың, үнің!
Тойлап жатыр ер көңіл менің елім
өлең-шыңда дара өскен жалқы гүлін.
Бүгін біздің елде той, тамаша бір,
жарқырайды қала мен дала шамы,
мақтаншақ боп кеткен бе-ау жұрттың бəрі –
кимелейді көзге ілмей аласаны,
дүйім жұртқа өз үнін естіртем деп
ақын біткен мінбеге таласады.
Жанның бəрі мəз-мейрам, от реңі,
мейірімге толғандай көкірегі.
Бұл далада аласа, биіктер жоқ
бүгін бірдей: шың-құз бен шоқы, белі!
Қатесін де мойындап кейбіреулер:
«Бір білместік еттім», – деп өкінеді.
Нұр көңілін ақынға төккен елім
төбемді бір жеткізді-ау көкке менің!
Бір-біріне қиылып қарайды жұрт
ұмытқандай бұрынғы өкпелерін.
Жазылғандай емі жоқ жан жарасы,
шайылғандай жүректің зар-наласы.
Мен байқаймын – бұл тойда шын ешкімнің
төр, босаға деп орын таңдамасы,
өйткені той иесі жалғыз емес,
той иесі – қазақтың бар баласы!
Шалқы, дала! Бəрін де ұмыт тойда!
Бəйге қайда, қыз қуар жігіт қайда?!
Арғымақты аңсаған бөбектер де
шапқыласын мініп ап шыбық-тайға!
... Тұманда да қол создың Айға дəйім,
бүгін жомарт жандарға бай маңайың!
өлең деген өлкеге ғашық еткен
сен жүргенде, мен қалай сайрамайын?!
Алтындарын ардақтар Отаны бар,
Апа, сенің өзіңнен айналайын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter