Өлеңдер ✍️

Күйші Төлегенге сәлем беру
Сырға толы шежіресі кешегі,
Ғасырлардан ғасырларға жетеді.
Қаратаудың бір биігі ― Мыңжылқы,
«Қозмалдақ» пен «Сызған» ауылы етегі.
Тиегі боп сұлу сырлы жыр-әннің,
Мыңжылқы тау тұрағы сан қыранның.
Туған жері опат болған соғыста,
Батыр ұшқыш Рүстемов Құралдың.
Таусылмайды өмірдегі кем-кетік,
Туған елін қоңыр күймен тербетіп.
«Қозмалдақта» автоклуб басқарып,
Тұратұғын домбырашы Момбеков.
Сәлем беру үлкенге салт бұрыңғы,
Бұрыңғыны бала кезден ұғынды.
Оңтүстіктің Созағына бір сапар,
Шәмші арнайы «Қозмалдаққа» бұрылды.
Кейіпінен байыпты да байсалды,
Сазгер түскен ауыл түгел ән салды.
− Қош келіпсің, Шәмші, кел, кел, төрлет,-деп
Төлеген де Шәмші інісін қарсы алды.
Үмітімді алға қарай жалғадың,
Орындалды,-деп,-ойдағы арманым.
Ауылдасты түгелімен шақырып,
Қонағына сойды арнап бағланын.
Басталғандай ауылдың бір базары,
Ардақтайды ел қадірлі,тазаны.
Дастарқанды жинап жұрттың бәрінің,
Ән күткендей Шәмшіге ауды назары.
Сәл бөгеле ішке тартып демін бір,
Жүзінде ойнап толқындаған сезім-нұр.
Домбырасын беріп жатып қолына,
− Ал, Төке,енді,-деді Шәмші,-төгілдір!
Мезгіл асып бара жатыр іңірден,
Терең бойлар күй сырына үңілген.
Кіші жүзде Тама руы болатын,
Бастау керек Ықылас пен Сүгірден.
Заман болған аумалы да төкпелі,
Сол кездегі күйшілердің жоқ көбі.
Теріскейде күйді шертіп тартады,
«Шертпе күйдің»қалыптасқан мектебі.
Бұл мектептің шәкірттері мыңдаған,
Сүгір күйші шеберлігін шыңдаған.
Тәкен менен ұлы Мұхтар Әуезов,
Бір түн бойы жалықпастан тыңдаған.
Өнеріне елі-жұрты сүйсінер,
Мақсаттар мен ниеттері бір тілер.
Ақпай, Кәрбоз, Әлшекей мен Асандар,
Теріскейде аты шыққан күйшілер.
Мал-жаны үшін халық сонда ашынған,
Соңы өкімет күшіменен басылған.
Созақтағы көтеріліске қатысып,
Әкем менің,-дейді Төкең,-атылған.
Табиғаты құдіретті күй неткен,
Көкірегіме нұр шапағын құйды өктем.
Жетім қалған мені жастай жетелеп,
Домбыраны атам Бапыш үйреткен.
Мен осылай жетім болып өскенмін,
Қиындықпен күйзелісте көшкен күн.
Ресейдің Содон, Хантағы кенінде,
Одан кейін қанды майдан кешкенмін.
Өмірдегі құбылыстар әсерлі,
Көтере алмай ауыр дертті-кеселді.
Анасы Әсел дүниеден өтті де,
«Анама» атты күйді өмірге әкелді.
Жас балапан шуақ аңсап шөлдейді,
Іздегенмен кеткен адам келмейді...
Әнмен жазған «анамадан» өзгеше,
Ананы іздеп, күй тілімен сөйлейді.
Өн бойыңды бір ызғар леп қари ма,
Асау сезім жігеріңді жани ма?
Шәмші отыр өзіне-өзі күбірлеп,
Ән де күй де «ана» дейді, дариға!
Өнерліге арқалаған сезім жүк,
Сол сезіммен күйзелдік те езілдік.
Көкірегіңнен шығатұғын қақ жарып,
Әрбір күйдің тарихы бар өзіндік.
Күйді тыңдап, табылса оны ұғар жан,
Ұққан жанмен күйші шығар құмардан.
Сүйген жарым Пернеш кетіп өмірден,
«Қоштасуды» сол сезімнен шығарғам.
Кім шектейді көңілдегі сезімді,
Әрең ұстап жүрген едім өзімді.
Ананы іздеп кішкентайым Салтанат,
Жылағанда жан-жүрегім езілді.
Қиын оны жеткізуің тілменен,
Әл бермейді бір асау күш билеген.
Домбырада тебіреніп бір әуен,
Салтанатты зорға ұйықтаттым күйменен.
Ақын, жыршы өнерде бар сан алып,
Қатардамын, соның бірі саналып.
«Өрісті ата» жайлауында бір тойға,
Ертіп барды ақын Көпбай Омаров.
Көпбай сонда сырнаймен ән шырқады,
Шырқау биік шарықтады жыршы әні.
Бүйір қызды, мамыражай мамырда,
Мыңжылқының қалықтады сұңқары.
Елес болып сол бір шақтар жаңғыра,
Шежірелі тартқан сыры таң қыла.
Сонда туған «Қаратаудың шертпесі»,
Шертті күйші, сөйлеп кетті домбыра.
Түн де болды, ай жабықтан қарады,
Күй төгіліп, құрысы бар тарады.
Төлегеннің сексен күйі бар екен,
Тұңғиыққа Шәмші еніп барады.
Өнерліні маңайдағы жиды асқан,
Бірі күйші, бірі әнші сыйласқан.
Шәмші келіп, күй тыңдады, шат болды,
Таң атқанша таусылмады күй-дастан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇