Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  318


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Сахалиндегі сағыныш

Алыс қалып өткен күндер сағымды,
Жастық дәурен кемелденді жалынды.
Жеті сынып орысша оқып Арыста,
Жасы келіп, әскерге де алынды.



Көңілденіп, сырын алғаш ақтарып,
– Балам,-деді сонда әкесі мақтанып.
Ел алдында борышыңды өтеуге,
Азамат боп бара жатсың аттанып.



Адам атты қасиетте жоқ баға,
Бір кісінің ала жібін аттама.
Тәртіпті бол, менің енді күтерім ―
Командирден тек мақтаған хат қана.



Күндер, күндер бір-біріңмен жарыстың,
Елестейді артта қалған алыс күн.
Пойыз жолдың бекетіне келіп тұр,
Бірге оқыған орыстары Арыстың.



Шыдай алмай Мырзахан мен Келдібек,
Қимастықтан көңілдері елжіреп.
Шығарып сап тұрған достар шулады,
– Әне, әне Нәзипа да келді,-деп.



– Сенің қашан кетеріңді білмедім,
Мынаны енді сыйлығым деп біл менің,-
Деп Нәзипа бере салды бір құшақ,
Қоңыр белдің бұрқыраған гүлдерін.



Пойыз жылжып жүре берді ақырын,-
Дейді іштей «қош, ғашығым, асылым».
Алаулаған бетін басып Нәзипа,
Ыстық жасын сығып алды жасырын.



Содан пойыз жүйткіді кеп, жүріп көр,
Кеуде толған асыл арман, үміттер.
Табиғаты қатал Қиыр Шығыста,
Сахалинде Шәуілдірлік жігіттер.



Қадірлеген орыс тілін білгенді,
Жақсы ортада Жәмшид түлеп, түрленді.
Шынықтырды Сахалиннің аязы,
Әскердің де тәртібіне үйренді.



Түрлі ұлттан достар тапты келгелі,
Сахалинді әніменен тербеді.
Жатақхана ― жылы, сыртта ― күн суық,
Хат жазудан жоқ басқадай ермегі.



Таба алмаған бір теңдесін әлемнен,
Жүрегінің түкпірінен, тереңнен.
Сырын жайып айта алмай қиналған,
Нәзипаға хат жолдады өлеңмен.



Полкта өткен әннің алды жүлдесін,
Дос көбейді, беделді боп жүргесін.
«Сүйген қыз» деп Нәзипаның суретін,
Іліп қойды достары да білгесін.



Ғашық жүрек тапты қалау-жарасым,
Ән жаңғыртты орман, тауын, даласын.
Жалғастырып тұрды хаттар ағылып,
Темір менен Сахалиннің арасын.



Қалай мұны елемеген басында,
Азан айтып қойған атын жасында.
Жәмшид деуге қиынсынып еркелеп,
Шәмші дейді Нәзипасы хатында.



Сахалиннің атып жатты ақ таңы,
Қалдаяқов – бір взводтың мақтаны.
Кенет үзбей келіп тұрған ауылдан,
Нәзипаның шорт тиылды хаттары.



Қыс та өтіп, жапырағын жаз жайды,
Жүрегінде сағынышы маздайды.
Таңданады «бұларға не болды» деп,
Ауылдағы ешкім жауап жазбайды.



Хат күтуден көрген емес жалығып,
Көзі ілінбей түндерде ұзақ сарылып.
Екі-үш айдан кейін жазды Келдібек,
Қайтыс бопты Нәзипасы ауырып.



Нәзипаң жоқ, келмейді енді мәңгілік,
Жалт етті де жоқ болды тек таң қылып.
«Нәзипа» деп қайталады айқайын,
Сахалиннің тау, орманы жаңғырып.



Құлазытып көңілдегі өлі үміт,
Қос жанардан жас моншағы төгіліп.
«Қош, алғашқы махаббатым Нәзипам...»
Жылай берді, жылай берді егіліп.



Сағынышты күндер өтті от-ағын,
Қорғау үшін сыртқы жаудан Отанын.
Сахалинде училище бітіріп,
Алып шықты кіші офицер атағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу