Өлеңдер ✍️
ЖҮРЕ АЛМАЙ ЖЕРДІҢ БЕТІНДЕ
Кетбұғадай билерден
Ақыл сұрар күн қайда?
МАХАМБЕТ.
Төріне Қызыр түнеген
Шаңырағы аспан үй қайда?
Азуын айға білеген
Кетбұғадай би қайда?
Өмір дегенің –
бұлақ боп,
Теңізін тауып құймай ма?
Пана тапса күйлі елден,
Жүрегім босқа тулай ма?
Кетбұғадай билерден
Ақыл сұрар күн қайда?
Махамбет кетсе өмірден,
Махамбет тағы тумай ма?
Жоқ әлде өмір дегенің –
Бір тартатын сырнай ма?
Ел-жұртым болса айбынды,
Жүрегім тоңып мұздай ма?
Ұмыттырып қайғыңды,
Құшатын ару қыз қайда?
Өмір өгей болмаса,
Азамат ерді азаптап,
Жел өтінде ұстай ма?
Соңымнан қуғын қалмады-ай,
Көңілім жасын төкті Айға.
Жол үстінде сынған арбадай
Өмірім кенет тоқтай ма?
Көкірегім алау от құсса,
Жасын боп туғам тегінде.
Шыбын жаным көкке ұшса,
Айналар ақ бұлт кебінге.
Тосқауыл қойып асқанға,
Көз жұмсам майдан өтінде, –
Жан рухым ұшар аспанға,
Жүре алмай жердің бетінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter