Өлеңдер ✍️
ҚОРҚАҚТЫҚ ЖАЙЛЫ
Қилы шақта ел-жұртын қорғап қалған,
Азамат ер қаншама жолға аттанған.
Қорықпаймын жау болып оқ атқаннан,
Қоян жүрек қорқамын қорқақтардан.
Қорқақтардан тобыр жұрт құралғасын,
Қалай жауға сілтейді жыр алмасын.
Үрейі ұшып қояндай тығылады,
Көтерсе де бақа көз жылан басын.
Бұғынбайтын жерлерде бұғынады,
Жығылмайтын жерлерде жығылады.
Жолаушыдай тұсынан өте беріп,
Қалай Бақыт бұл жұртқа бұрылады?!
Сегіз өрім қамшысы босқа өрілген,
Жұрт болдық па қасы да, дос та күлген.
Батыр елдің көзіне жау елестеп,
Қорыққанның көзіне қос көрінген.
Қорқыныштан көз алды сағымданып,
Ел ішінде жүрген көп жанын бағып.
Сардар ерге барлығы жабылады,
Дүниені сілкіген шаңын қағып.
Сардар ерді ел бұзған дүлей көріп,
Жабылады барлығы үрейленіп.
Сол қорқақтық емес пе?
Жағынатын
Құзырлыға жақсылық тілей келіп.
Көкірегінде бұғынып, қыстап келген
Қорқақтықты жұрт бар ма ұшпақ көрген.
Сол қорқақтық емес пе?
Сары орысқа
Көзден тізіп ерлерді ұстап берген.
Сағым қуған төсінде шымыр белдің,
Бәрі қорқақ қашанда құбылма ердің.
Сол қорқақтық емес пе?
Жаудан гөрі
Жетіп жүрген түбіне тұғырлы елдің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter