Өлеңдер ✍️
СУЫРЫЛМАЙ ҚАП ҚОЙҒАН ЖЕБЕДЕЙІН
Талай ақын туса да менен кейін,
Болашақта мен неге еленбейін.
Халқым өжет жырымнан қуат алар
Шың басынан сыр тартқан тереңдейін.
Биікте өскен жайқалсам жемістейін,
Суық көрден өзімді неге іздейін.
Халқым өжет жырымнан қуат алар
Маржан жиған түбіне теңіздейін.
Талай алған аударып көшін белде,
Ғұмыр кештім көнтерлі,
төзімді елде.
Махамбет боп жасайды жырым менің,
Алда- жалда Махамбет көз ілгенде.
Өжет жырым сарбазға айналады,
Көкірегімнен жүз тұлпар көсілгенде.
Теңдік қуып, жанғасын жастан лаулап,
Жанарымда жатады аспан аунап.
Бақ дегенің – қу түлкі болар, бәлкім,
Қыран көрсе,
құлдырап қашқан заулап.
Сыйламақ ем сол Бақты мен еліме,
Соғып алып таудан да, тастан да аулап.
Жармасқандар көп болып шалғайыма,
Ол бақытты жазбады маңдайыма.
Қорлығына ешқашан мен төзбеймін,
Қиындықтың төзсем де қандайына.
Жүз сардар боп атына қонады енді,
Ұя салған жүз бұлбұл таңдайыма.
Көрмесе де еншіме сауық тиіп,
Көңіліме, қайтемін, қауіп түйіп.
Жырым – сардар ақырып атқа қонған
Үстеріне оқ өтпес сауыт киіп.
Алыстарға жол тартқан кемедейін,
Жырым сапар шегеді.
Мен өлейін.
Заман, бірақ, кеудеңде сыздап тұрам,
Суырылмай қап қойған жебедейін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter