Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  154


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҒҰМЫРЫ ҰЗАҚ ҚАРҒАНЫҢ

Сағымдай көшіп, жосылған
Тірлікте ой көп тосылған:
Арғымақ орға жығылып,
Үйірге жабы қосылған.
Қаруын белге тағынып,
Қараулық жетсе қағынып.
Аурулар аман қалады,
Арулар атқа таңылып.
Бағынған елдер кірмеге,
Таланған бүйі, бүргеге.
Ез жігіт аман қалады,
Ер жігіт түсіп түрмеге.
Бура – уақыт тұрса шабынып,
Іздеме шындық сабылып.
Ақымақ аман қалады,
Ақылды бастар шабылып.
Қасірет қанат жайғанда,
Жетпей ме қайғы қайдан да.
Сатқындар аман қалады,
Сардарлар өліп майданда.
Қырандық болса, арманың –
Сор тілеп басқа алғаның;
 Тірлікте бірақ аз жасап,
Лапылдап от боп жанғаның.
Қай заман,
қандай кезде де,
Ғұмыры ұзақ қарғаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу