Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  133


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАНАРТАУ СӨНСЕ, СӨНЕР-АУ…


Қайғы – өзен лықсып тасқанда,
Қара бұлт жүзер аспанда.
Әділет кетті жерімнен,
Әбілет келіп басқанда.
Қайғы кеп есік ашқанда,
Не істейсің қара басқанда?
Сілтегенде қабан қанжарын,
Қан шығар қара тастан да.
Қасірет шегіп өтесің,
Қасиет елден қашқанда.
Өкпеңнен тағдыр тепкенде,
Жүремін деме текті елде.
 Кісінеп қайда барасың,
Кісілік елден кеткенде.
Дауылдан сұсты айбыны,
Көңілім – теңіз айдыны.
Жайықтан өттім мен қанша,
Қайық қып мініп Қайғыны.
Опасыз мынау жалғанда,
Жан қанша өлген арманда.
Қайғыны міндім мен ерттеп,
Айдалада жаяу қалғанда.
Тілекті Құдай бергенде,
Болмас ем мен де шерменде.
Айырдым қанша…
тағдырым –
Қайғыдан желкен кергенде.
Қайғының күйген шоғына,
Махамбет ердің қоры ма?
Қарғыдым қанша үстінен,
Құрғанда тұзақ жолыма.
Көз жасын аспан төккенде,
Көп күнім өксіп өтті елде.
Қайғы-мұң қанша кезіккен
Кеудемнен қағып, өткелде.
Шыдамай қайтем,
біртіндеп
Қабырғамды менің сөккенде.
Жақсылық алдан кім күтсін,
Бураға атан шөккенде.
Шайқасып ата жауымен
Сарбаздар өлген көк белде, –
 Жұлынбай қалған жусанмын,
Көктейтін қайта көктемде.
Жанартау сөнсе, сөнер-ау,
Сөнбейді бірақ от кеуде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу