Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  197


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТУҒАН ЕЛДІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Көкірегімде от барда, жасын барда,
Ар-намысым тулайды асыл қанда.
Жанарыма тұнады шұғыла – арман,
Күннің көзі жарқырап ашылғанда.
Алайда, Елім, өксігім басылады,
Теңіздердің өксігі басылғанда.
Қайғы-мұңның қоймасы тылсым кеуде,
Неменеге мәз болып жүрсің пенде?
Мен де қоса күрсінем күреңітіп,
Күреңітіп тауларым күрсінгенде.
Қаным тоқтап, ағысы іркілгенде,
Көз жұматын шығармын бір күн мен де.
Жүрмін әлі жапанда жалғыз жортып,
Мүлкімді елде қалдырып, күлкімді елде.
Мен де қоса сілкінем,
белі талып,
Шыдай алмай қара жер сілкінгенде.
Көңілімнің көгінде күн күркіреп,
Тағдыр мені Нарында жүр сілкілеп.
Сағым қуып, лағам ба сардалаға,
Саулығымды жүрсе егер жұртым тілеп.
Сардаладан Әділдік мен іздедім,
Жұртым бар ма?
Мен оны сезінбедім.
Исатайдың барында дария едім,
Шалқып жатқан телегей теңіз де едім.
 Намыс,
иман,
ұяттан жаратылған,
Сөйлейтін де күн туар Ар атынан.
Жүргізбеді елімде
не бір сұмдық
Қара жердің атқылап қабатынан.
Маза бермес кетпесем аспанға ұшып,
Қыран құстың ұстап ап қанатынан.
Атым бірақ жазылар сөз басына,
Өзім кепіл – сауыттай тозбасыма.
Кейде өзімді балаймын
тасқа тұнған
Туған елдің мөп-мөлдір көз жасына




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу