Өлеңдер ✍️
МЕНІ АЖАЛДЫҢ БАСЫНЫП ЖҮРГЕНІ МЕ?
Не көрмедім?
Тірлікте не көрмедім?
Ер Исатай өлгенде – неге өлмедім?
Елге қорған болсам да
елге сыймай
Қасқырдайын жапанды мекендедім.
Зар заманда артпаған беделі ердің,
Бекер келдім өмірге, бекер келдім.
Қайғы деген шыңырау құдық болса,
Құдығына қайғының шегенделдім.
Жел сыпсыңдап айтады бірдемені,
Нар қазақтың тозғанда іргелі елі.
Ту сыртымнан аңдыған қарақшыдай,
Төңіректеп сұм ажал жүр ме мені.
Шуақ-нұрым жоғалса Айға ағылған,
Сарт етеді сұм ажал қай жағымнан?
Құйындайын ойнақтап шыға келген,
Неге менің шығады Қайғы алдымнан?!
Күлмесе егер тағдырым бетін беріп,
Бір қырқаның жатармын шетінде өліп.
Қара қайғы қасымнан бір қалмайды,
Бірге туған сыңарым секілденіп.
Қатар жүзген жайындай теңіздегі,
Жаным, сірә, қайғымен егіз бе еді.
Құмға сіңіп кетсем де,
иіс тартып,
Ізге түскен иттейін мені іздеді.
Көкірегіме ызалы өрт толғасын,
Мені тінтіп іздеуде оқ-қорғасын.
Қорғанынан айрылған сарбаздаймын,
Ер Исатай қасымда жоқ болғасын.
Бақ тілесем егерде күнде еліме,
Неге сынам қайғы-иттің үргеніне?
Кім біледі?
Исатай жоқ болғасын,
Мені ажалдың басынып жүргені ме?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter