Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
30.04.2022
113
![](/uploads/shorttexts/author_image/rafaehl-niyazbekov.jpg)
БІР-БІРІН ЖАУДАН ҚОРҒАШТАП…
Желкеден тағдыр бүргенде,
Махамбет қалды-ау бір белде.
Өтемістен туған қайда Екеу?
Егеулі найза еді ғой,
Екеуі қатар жүргенде.
Басына бақ боп құс қонған,
Өтемістен туған үш Қорған.
Үшеуі бірге жүргенде,
Қамал бұзар күш болған.
Қайда жүр,
қайда үш найза,
Суарылып кекке ұшталған?!
Айқайлап атқа қонатын,
Маңдайдан жауын соғатын, –
Өтемістен туған Бесеу де,
Бес қарағай орман болатын.
Қайда жүр Бесеу?
Ақырса
Қалжырап жатқан даланың
Өн бойы күшке толатын.
Өтемістен туған он қайда,
Қаптаған найза қол қайда?
Асылын қолдан бермеген –
Атадан қалған жол қайда?!
Махамбетті қорғап дұшпаннан,
Қасында жүрсе болмай ма?!
Бір-бірін жаудан қорғаштап,
Шырылдап ұшқан торғай да.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇