Өлеңдер ✍️
ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАН ЖАНДАЙМЫН
Тілекті құдай бергенде,
Мінген атым сардалада желгенде;
Сенгендерім таймағанда сертінен,
Жеме-жемге келгенде –
Болар ма едім шерменде.
Еңкейе білмес еңселі елім!
Күдік артпай сенгенде,
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай
Қасарыспай ергенде;
Исатаймен бірге соғысып,
Жарақты жауды жеңгенде;
Дүниені шырқ айналған
Болар ма едім шерменде.
Етегі жерге шұбалған
ежелгі дұшпанымды көргенде,
Өліп жатсам да атып тұрам көрден де.
Толағай сапты найзамнан
ежелгі әлгі дұшпаным
қара қан құсып өлгенде –
Басылмас еді өр кеуде.
Көкірегім шерге толғанда,
Жалғыздық деген сұр жылан
солқылдатып қанымды сорғанда;
Қарауытып көз алдым,
Адастым талай жолдан да.
Менің мүшкіл халімді
жалғыз ғана ұғынған
ұлыған қасқыр орманда.
Көптің қамын мен ойлап,
Не түсті
ақырып атқа қонғанда?!
Ақырында аңырып,
жалғыз қалған жандаймын,
аңғал-саңғал қорғанда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter