Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  222


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЗДІГІ ЕДІ ЕЛІМНІҢ МЕНІ ЖЕҢГЕН


Нарын құмы суырған өрістенмін,
Сусын етіп шерімді көп ішкенмін.
Қара қанжар сілтеген қилы күнде,
Қанжығада талаймен көріскенмін.
Шашыраған далада тарыдайын,
Қалың жұртты тыңдасаң зары дайын.
Заман –
суық қыс болып төнсе еліме,
Неге қысты өрт болып қарымайын?!
Кісіліктің алдымнан желі ескенде,
Шалғын болып тербелдім белес-белде.
Мен айналдым егеулі көк найзаға,
Қара сойыл Қараулық егескенде.
Бұлттанса егер жұртымның түскі аспаны,
Зауалдардың зауалға ұласқаны.
Атқа мініп, құрсақтан шауып шыққам,
Сұм тағдырдың өзімен ұстасқалы.
 Намыс барда мұратқа жетем мен де,
Қара қазақ баласы теңелгенде.
Жеңілмес ем жарақты қай жаудан да,
Қайран жұртым найза боп егелгенде.
Зұлымдықтың көзіне жебе тартқан
Мен – Махамбет Нарында келе жатқан.
Шеңгел төсеп жолыма,
ал шекеме
Өз елімнің ездері шеге қаққан.
Сергелдеңге көп түсіп сенімге ерген,
Сатқын болды жігітім сері көрген.
Жаудан, сірә, жеңіліп көрген жоқпын,
Ездігі еді елімнің мені жеңген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу