Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
28.04.2022
352
ИСАТАЙ ЕРДІҢ ЖОҚТЫҒЫ
Исатай ердің барында,
Адаспай тұман, сағымда, –
Жолбарыс болып жортқанмын,
Түйе өркеш құмның Нарында.
Қарағай сыңды шаншылып,
Қараойдың қалдым қағында.
Жалғыздық қамап тұр мені,
Қамалды бұзар шағымда.
Әділдік іздеп шабылдым,
Ат арытып талай сабылдым.
Исатай жоқта…
жүрмейтін
Жолдармен жүріп жаңылдым.
Жылусыз кейде қалғанда,
Қараойдың түнін жамылдым.
Қараорман елден дос таппай,
Исатай ерді сағындым.
Исатай тірі жүргенде,
Сыртымнан дұшпан күлгенде,
Бұтына қада қаққанмын,
Етегін желге түргенде.
Исатай тірі болғанда,
Болар ед қамал, қорған да.
Қараойда жүрмін мен ұлып,
Ұлыса қасқыр орманда.
Майланған өркеш, шоқтығы
Не керек қарын тоқтығы.
Қараойда жалғыз қалдырған –
Исатай ердің жоқтығы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter