Өлеңдер ✍️

  28.04.2022
  394


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛ ІШІНІҢ ЖАУЛЫҒЫ КҮШТІ МЕ, ӘЛДЕ…


Бақыт құсы басына қайдан қонсын,
Жалған Дүние жақсыға жайған – торсың.
 Қырық ханды берсе де бодауына,
Махамбеттің орыны қайдан толсын.
Жатты тулап көз жұмбай бірден демде,
Жауыз қолдың балтасы сілтенгенде.
Махамбеттің жүрегін қайдан ұқсын,
Маңайында күпініп жүрген пенде.
Жатыр, әне, даланың жотасы ұлып,
Естілуде халықтың сөзі ашынып.
Көз жұмғанда Махамбет…
болды аймандай,
Дүниенің қысылған көті ашылып.
Ноқта киген қауқарсыз шідерлі елде,
Арманына жетпеген жігерлі ер де.
Хан-төренің қамы үшін не түсті, айтшы?
Ұлы ақынды құрдымға жібергенде.
Көз жұмды деп өр ақын сайрандама,
Сайрандайды бұндайда сайтан ғана.
Ел төресіз қалар деп қорықтың ба,
Қашан қалған төбесіз қайран дала.
Құлындайын мерт болған желісінде,
Неге өледі Махамбет ел ішінде?!
Қандасының қолынан қаза тапты-ау,
Бір тата алмай жеңістің жемісін де.
Кім біледі қыр-сырын ел басқармай?
Өтпеуші еді алдынан жел жасқанбай.
Қандасының қолынан неге өледі,
Сыртқы жаудың қолынан жер жастанбай?!
Заманының сомдалған құрышынан,
Ақын неге айрылды тынысынан?
 Ел ішінің жаулығы күшті ме әлде,
Сыртқы жаудың қанды қол қылышынан?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу