Эсселер ✍️

  27.04.2022
  237


Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесіндегі реализм мен романтизмнің араласа келуі

Айтбаева Күлпан


«Оралхан Бөкей – жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүлей суреткерінің бірі ретінде әлемдік танымдылыққа ие болды. Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді».


Әбіш Кекілбаев


 


Қазақтың кербұғысы атанған Оралхан Бөкей көркем әдебиетімізде теңдессіз туындыларымен таңбаланған тұлға. Оралханның прозасы өткенмен қауыштырды, асыл құндылықтарымызды айшықтады. Әр шығармасындағы жауһар жолдар шынайы кескінмен үндесіп жатыр. Қай шығармасы болмасын, қазақ үшін құнды. Оралхан қазақ прозасына жаңа екпінмен келді. Жазушы шығармашылығы романтизм мен реализмге толы. Бұл аталмыш бағыт Оралханның кез келген шығармасынан көрініс табады. «Қар қызы» повесі суреткердің романтизм мен реализм бағыттарында кең құлаш жаюына жол ашты. Бір-біріне қарама-қайшы дүниені мағыналас етіп үндестіру батылдықпен қатар, аса шеберлікті қажет ететін дүние. Көркем әдебиетте жойқын жарылыс жасау – нағыз таланттың ғана қолынан келеді. Романтиканың ырғағына ерік беріп, тек сол тар шеңберде қалып қоймай, шешімді шындықпен бере білу – Оралханның көркем әдебиеттегі қолтаңбасы.


Академик Зейнолла Қабдолов осы турасында былай дейді: «Әр суреткер осынау екі әдістің тек біреуімен ғана жазады, екеуінің басын бір жерге қоса алмайды, ол – не таза реалист, не таза романтик болуға тиіс деп түсінсек, қателесер едік. Қай кезде жасамасын, бәрібір, барлық қазақ жазушылары жайлы да дәл осыны айтуға болар еді: бәрінің шығармашылығында реализм мен романтизм араласып жүр».


Оралхан Бөкей шығармаларында романтикалық сарын басым болмаса, бәлкім оның есімі қазақ әдебиеті тарихында алтын әріппен жазылып қалмас па еді?! Романтикалық сарынды реалистік прозаға ұштастыра білу жазушының әдебиеттегі орнын нақтылап бергендей. «Қар қызы» повесінде жас жігіттердің ауылға бет алған сапары, ондағы қиын тұстар реалистік бағытта суреттеледі. Бас кейіпкер Нұржанның сапарға шыққандағы мақсаты – шөп жеткізу емес, Қар қызын көру еді. Нұржанның Қар қызымен кездесуі романтикалық сарынмен ғажап суреттеледі. Сюжеттің өрбуі қаһарлы қыста қиындыққа тап болған Нұржан, Бақытжан және Аманжанның  жағдайымен арта түскендей. Шығармада суреттелген өмір мен өлім күресі шынайы өмірдің көлеңкесі іспеттес. Автор «Қар қызы» повесінде шым-шытырық сюжеттерді кезек-кезегімен тамаша бере білген. Бұл әдеби шығармасының композициясы – көркемдік тәсілдердің өзара сабақтастығы. Қаламгердің «Қар қызы» повесінде шыншыл кейіпкерлердің лек-легімен кездесуі автордың өмірге деген жағымды көзқарасынан деп пайымдаймыз. Жалпы шығармада айтылатын ой Оралханның өз басынан өткергендері десек қателеспейміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу