Эсселер ✍️

  27.04.2022
  212


Заманауи әлемдегі педагог

Жанабаевна Айжан


Мен өзім бала кезімде  өз қиялымда армандаған  тамаша мұғалімді елестетуші едім. Ол қандай еді? Көз алдымда мейірімді, адам жанын түсінетін, ғажайып ертегідегі перизатты көруші едім. Мұғалімнің мені жақсы көруін, құрметтеуін, жеткен табыстарымды бағаласа екен деп армандайтынмын. Бірақ олай болмады…..Мектепте өткізген 10 жыл ішінде мен мұғалімдер тарапынан көптеген әділетсіздіктерге душар болдым…. Сол кезде мен келешекте міндетті түрде мұғалім болып, барлық оқушыға бірдей қарым-қатынаста боламын деп өзіме өзім уәде бердім. Уәдемді орындадым.


Міне, содан бері жиырма үш жылдай уақыт өтті, мен қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі атандым.  Сүйіспеншілік, мейірімділік, адалдық – міне қазіргі заманғы оқушыға керегі. Атап айтқанда, осы адамгершілік қасиеттер балаларға жетіспейді. Мұғалім балаға жылылық, қамқорлық, ілтипаттылық көрсетпесе келешекте олардан не күтуге болады?  Олар тек қана тапсырылған істі орындайтын қатiгез роботтарға айналмай ма? Немқұрайлық, қанағатсыздық, есеп айырушылық, күншiлдiк бізбен барлық жерде бірге жүреді. Бүгінгі оқушылар – бұл болашақ ұрпақта мұғалім туралы көзқарас қалыптастыратын болашақ ата-аталар.


Қазіргі таңда ғалымдар, педагогтер, психологтер мұғалімге басқа атау бере отырып,  мұғалім мәселесіне бірнеше рет көңіл аударуда, мысалы, мұғалім «құзыреттілігі» және «кәсіби сапасы». Бұл мәселе маңызды болып қалуда, себебі, уақыт өткен сайын мемлекет пен қоғам өзгереді, демек, мұғалімге мемлекет пен қоғам қоятын талаптар да өзгеріп отырады.


Мұғалімнің уақытқа тәуелсіз қандай қасиеттері өзгермейді. Ал қандай қасиеттері «жаңа» уақыт талаптарына байланысты өзгеруі керек?


Қазіргі заманғы мұғалім бейнесі мынадай болуы керек деп ойлаймын:


Ең алдымен, ол баланы жақсы көруі керек.  Мұғалім әділетсіз, мейірімсіз, қатал болмауы керек. Әділетсіздік баланың жүрегін жаралайды.


Мұғалім – жұмысқа барып, тек сағаттарын өтіп қайтпастан, балалармен бірге өмір сүруі, бірге қуанып, бірге қайғыруы керек.  Осымен ғана  мұғалім шығармашыл түрде жұмыс істеуге ұмтылады.


Нағыз мұғалімге барлық жағдай қызықты. Оқушылардың сабақ нәтижелері ғана емес, баланың әрбір қадамы, әрбір айтқан сөзі қызықты. Бала мұғалімге шындығында да осындай болғанда ғана сенім білдіреді.


Жақсы мұғалім тағы нені білуі керек? Әрине, мұғалім бала психологиясын міндетті түрде білуі керек, бала сезімін түсінуі және өзіне «Мен әрқашан әділмін бе?» деген сұрақ қоя білуі керек. Егер мұғалім баланың ішкі сезіміне немқұрайлы болса, онымен бірге қуанып немесе қайғыра білмесе, ол мұғалім пәнін өте жақсы білсе де, оның орны мектепте емес деп ойлаймын.


Жақсы мұғалім мәдениетті, тәрбиелі болуы керек: дөрекiлiк, айқай-шу, балаға тiл тигiзуге болмайды. Менің байқағаным айқайлауды кейбір балалар  сезінбейді, кейбірі қорқады. Өз ойын сауатты түрде жеткізе алмайтын, сөйлеу мәдениеті нашар мұғалімдерді мұғалім деп айту маған қиынға соғады.


Педагог әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, адамдармен, әсіресе, оқушылармен қарым — қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті, таланты мен тәжірибесі бар, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мол және өз әркетімен оқушыларға үлгі болуы керек.  Бірақ ең бастысы ол ҮЛКЕН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛҒАН МҰҒАЛІМ болуы керек. Теріс мінезін мектеп табалдырығынан аттамай тұрып, ұмытып, балаларға мейірімін төгуі, олармен бірге болуы керек деп түсінемін.


Мен —  мұғаліммін.  Бұл  деген — ең  бірінші  өзімді-өзім   тәрбиелеу,  өзім өзімнен  жақсы   білім   талап  ету   және   осылай  ете  отырып, баланы  тәрбиелеу,  баладан  жақсы   білім  талап  ету  деген  сөз.


Халқымыздың  көне заманнан келе жатқан «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»  дегендей, баланың бақытты болуы, жақсы азамат болғаны, ең алдымен, ата — анаға байланысты. Қызымның осы педагогикалық жолды таңдауына да көп көмегім тиді деп ойлаймын. Қызым да қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі.


Қазіргі таңда Тәуелсіздік — барлығымыз үшін ерекше қасиетті ұғым. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың белгісі. Мемлекеттік тілді үйрету мен үшін  ең жауапты жұмыс. Сондықтан бүгінгі күні оқушыларым отансүйгіштікпен қазақ тілін білуге талаптанса, қазақ тіліне деген қызығушылықты жоғалтпауына, әрі қарай патриоттық сезімде болуларына ерекше көңіл бөлемін. Бұл үшін ерінбей еңбек ету керек.


Мен өзімді осы шәкірттерімнің арқасында нағыз ұстаз сезіне білдім. Педагог тұлғасы тәрбие беру құралы болуы керек.                                          Педагог оқушылар алдында өзін-өзі жетілдіре білуі керек.
Менің өмірлік қағидам – ешқашан өз қадір-қасиетімді жоғалтпау, әрқашан тек шыншыл, адал, өз ісіне берілген тұлға болып қалу.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу