Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  128


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАУЫНГЕР ЕЛІ СИЯҚТЫ…

Махамбеттің батыр болғаны –
Найза ұстап туған елінен.
Махамбеттің ақын болғаны –
Сол елдің ішкен шерінен.
Мысырды билеп-төстеген
Бейбарыс сардар сұлтан да,
Атыраудың асыл жерінен.
Тектілер ғана тараған
Беріштің бекзат тегінен.
Ығыспай сұсты жауынан,
Қанатын қағып қомданып,–
Дендердің жампоз тауынан
Махамбет туған сомдалып.
Найзасына айналған –
Жайықтың ұзын саласы.
Қалқанына айналған –
Байұлының байтақ даласы.
Найзагер елдің баласы –
Найзагер неге болмасын.
Жауынгер елдің баласы –
Жауынгер неге болмасын.
Ат мінген болат тұяқты,
Отыра алмай үйде пайыздап,–
Жауынгер елі сияқты
Махамбет те туған найза ұстап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу