Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  623


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАМБЕТТІҢ ӨЛЕР АЛДЫНДАҒЫ КӨРГЕН ТҮСІ


Махамбет әлгі жерде қонақтарына
(Ықылас бастаған топқа) өзінің
алдыңғы күні көрген түсін айтады:
– Өз басым өзіме иіліп, сәлем берді.
Бұл неге көрінері?
Берқайыр АМАНШИН.
“Махамбет тағдыры”
Борай соққан құйыннан көзім түйіліп,
Ақ сауытын жүргенде төзім киініп.
Түнде көрген түсімде,
ғажапты қара,
Сәлем берді өз басым өзіме иіліп.
 Сәлем берді өз басым ауаға асылып,
Қара бұлттай қабарған қабағы ашылып.
Сол түсімнен, ойпыр-ай, сұмдық шошынып,
Атып шыққам ақырып далаға асығып.
Қайда кеткен көзімде өрілген арай?
Жабыққанда жарқылдап көрінген талай.
Сағағынан үзілген қарбыз секілді,
Өз басымның денемнен бөлінгені қалай?
Тілегімді жеткізбей, сөзімді еліме,
Басым менің шынымен кесіледі ме?
Жайшылықта опынып көз жұмар болсам,
Алмас қылыш тағындым несін беліме.
Көшсін қайдан қара бұлт дүркіреп көктен,
Қара суық жаңбырын сіркіреп төккен.
Өмірім бара ма сиырқұйымшақтанып,
Найзағайдай жарқылдап күркіреп өткен.
Жорытсам ба түсімді көңілді еліме,
Өлсем, мүмкін, шығармын өмір төріне.
Өз басымның өзіме сәлем бергені,
Сұм ажалдың көзіме көрінгені ме?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу