Өлеңдер ✍️
МАХАМБЕТТІ БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАН ШАҚЫРТҚАНДА
Ұлтын ұмытып,
құлқын қуған санасы,
Ей, нар-қоспақтың баласы!
Өлген қойдың терісіне тұра ма,
Сен секілді сұлтандардың бағасы.
Сардаланы жарып аққан
Ақ Жайықтың бола алмасаң саласы,
Аталасың қалай елдің ағасы?!
Патша мінген тұғырдың
Сен емес пе тағасы.
Атадан қалған сауыттың
Мен емес пе жағасы.
Жемдегенің сенің –
Сары орыстың баласы.
Емдегенім менің –
Алты Алаштың жарасы.
Елге әділдік орнамай
Екеуімізбен бітпейді
Ер мен ездің таласы.
Сары ағашсың қайғылы –
Жел тұрғанда солқылдаған.
Дариямын айдыны –
Дауыл шақырып толқындаған.
Бірақ қатал тағдырдың
Өз асылын танымай
Күні бар ма қор қылмаған.
Сенің мынау алдыңа
Өз аяғыммен келтіргені
Қорлағаны емес пе?
Бұның өзі тағдырдың
Амал таппай
Сорлағаны емес пе?
Егеулі найзаға айналған
Тізе бүге ме егесте.
Найзағайдан жай тартқан
Махамбетпін көздегенін жайратқан;
Төбесінен сендейдің
Сақылдатып қара қазан қайнатқан;
Ер болғасын біртуар
Нысанаға тигізе алмай
Оғым әсте болған емес қайта атқан.
Бес қаруым бойымда,
Жау төнсе де қай жақтан.
Арыстандай ақырсам,
Бұлт ішіне жасырынып Ай батқан.
Қараша көрме сен мені,
Қырға шығып қой баққан.
Сардар ермін еңселі,
Тақымында арғымағын ойнатқан;
Егескеннің аузынан
Қара қан атқылатып,
Өңешіне көк найзасын бойлатқан.
Қатесі бар ма сөзімнің,
Ей, нар-қоспақтың баласы!
Жоқ болса егер көзіңнің
Маған деген аласы.
Ендеше, тақсыр, сөз тыңда,
Айтылғалы тұрғанда
Сөздің жаңа парасы.
Қай балыққа тарынған
Ақ Жайықтың саласы.
Бұйырмайды неге ендеше қазаққа,
Еділ, Жайық арасы?
Неге жеке жайлайды,
Хан-төренің баласы?
Ақсүйектің ұлынан
Сорлы ма еді
Қарашаның баласы?!
Исі қазаққа ортақ емес пе,
Құдайдың байтақ даласы?!
Арғымақ ат арыған,
Азамат ер қалғыған, –
Мынау сұрқай заманда
Аяз болып қарыған.
Ала қойды бөле қырыққан
Қашан жүнге жарыған?
Ол аз десең, ей, тақсыр,
Моласына ата-бабаңның
Орыс иті сарыған.
Қайда сенің намысың,
Шар қайраққа жаныған?!
Ел биледің бе абыройын төккелі,
Қабырғасын қақыратып сөккелі.
Он екі ата Байұлының
Барлық жұрты өкпелі.
Жабылады түрмеге
Ақ Жайықтан өткені.
Неге бұлай, ей, тақсыр,
Қысқа айналған заман ба,
Бұл қазақтың көктемі?!
Ар-намысын бірге қуып қазақтың,
Өзендейін өзің қашан таза ақтың?
Күріштейін суда өскен,
Қазақ неге бой түзейді,
Ішінде ылғи азаптың?!
Бұл сұмдықты неге, тақсыр, көрмейсің?
Шамырқанған намысыңды
Қамшы етіп неге өрмейсің?
Жұртыңа қысым жасаса,
Қолында неге өлмейсің?!
Сөзін сөйлеп кірменің,
Кімге дәрі сұлтан болып жүргенің.
Қырын қарасаң еліңе –
Өз көрпеңді тілгенің.
Білсең егер қарашаның арқасы
Сенің де,
Бақ кешіп дәурен сүргенің.
Сұңқар басқарған ел –
озған,
Сұлтан басқарған ел –
тозған.
Сен емес пе қазақтың
сіңірін созған.
Сұлтан емес,
жұмыртқасың шіріген,
Жұртың мынау
өз ішінен іріген.
Ар-намыстың басын шаптың сен талай,
Тамырыңда қан жүгіріп тірілген.
Алдың ашық болар еді,
Дос болсаң
Азамат ердің бірімен.
Аңсағаның – жылы қан,
Сендей сұмдар қашан елден құрыған?
Сұлтан емес, қасқырсың
Орманға қарап ұлыған.
Жерің жатқа толғанда,
Қаныңды теспей сорғанда,
Жолбарыстай найқалып,
Жүремін деме орманда.
Ей, нар-қоспақтың баласы!
Екеуімізбен бітпейді
Ер мен ездің таласы, –
Ашығып боздап тұрғанда
Қазақтың байтақ даласы.
Тусам да түйе қомында,
Ей, тақсыр, тұрма жолымда.
Басқа байлық не керек,
Тұрғанда қылыш қолымда.
Жұмыр басым жұлынса да жоқ арман,
Азаттықтың жолында.
Қарға-құзғын секілді
Күштер көп те топтанған,
Жүрегімде кектің оты шоқтанған.
Заманымнан озып туғаным –
Мылтық болсам егерде,
Заманынан ерте оқталған.
Бірақ мендей асылды,
Кімдер,
қашан басынды?
Не істейсің егер итке тастасам,
Кесіп алып басыңды?!
Сен де тудың анадан,
Мен де тудым анадан.
Еркек болсаң, жекпе-жекке шық, кәне,
Қуат жиып даладан.
Найзағай ойнатып санаға,
Шық ендеше далаға, –
Жасырынған шешесінің артына,
Ұқсамай қорқақ балаға.
Жайшылықта – батырсың,
Қайшылықта – қатынсың.
Дауыл боп соқсам егерде,
Құлағалы тұрған шатырсың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter